Темір жол табаны төселіп жатыр

Өткен жылы, шілденің 3-інде Индустриялық форум барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи қадам жасап, 1200 шақырымдық «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбар көл» темір жолдарының құрылысын бастауға рұқсат бергенін көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаса керек. Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін беретін бұл жобалар бүгінде қызу қарқынмен жүріп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, «Жезқазған-Бейнеу» темір жолының жалпы ұзындығы – 988 шақырым. Оның ішінде «Шалқар-Бейнеу» телімі – 471, «Жезқазған-Сексеуіл» 517 шақырымды құрайды. Жоба бойынша жаңадан 13 станса және 30 жол айырығы ашылады. Жоба іске қосылғанда үш мың адам жол бойында жұмыс істейді деп күтілуде.

Ал, «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолының жалпы ұзындығы – 214 шақырым. Жол бойында 5 станса, 2 жол айырығы іске қосылады. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 81 техника мен 121 адам тартылған. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2012-2015 жылдар.

«Мұны Қазақстан үшін ғасырлық жоба деп атауға болады. Бұлай дейтініміз, бір мың шақырымнан асатын темір жолды қазіргі заманда әлемнің ешбір мемлекеті салып жатқан жоқ», – деп Президенттің өзі атап көрсеткендей, «Ғасыр жобасы» бүгінде елдің келешекке деген сенімін оятқан. Оны Ұлытау ауданының жұртшылығы қатты сезінуде. Өйткені, аталмыш екі жоба да осы ауданның аумағын басып өтіп, ондағы ауылдардың екінші тынысын ашуда. Бүгінгі күні «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолының табаны ауданның Егінді ауылының аумағында төселіп жатыр. Ертең осы жерден отарба үздіксіз қатынап, ауылдардың маңында түрлі әлеуметтік инфрақұрылымда жұмыс істейтін болады.

– Темір жол тек тасымалдау ғана емес, осы жол бойындағы елді мекендердің дамуына да үлкен әсер етеді. Елдің қуанып жатқаны да сол. Арқалық-Шұбаркөл арасындағы елді мекендер болашақта жаңа жұмыс орындары ашылады деген үмітпен қарайды. Торғай, Ұлытау, Жезқазған өңірінің дамуына серпін береді. Мұны ел егемендігі, тәуелсіздігіміздің арқасында орындалып жатқан шара деп айтуға болады. Осы алып жобаның жүзеге асырылуына сәйкес орындалатын басты нәрсе – алдымен біздің аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, олардың жаңа темір жол бойында бәсекелестікке сай біліктілігін жетілдіруі. Жолдың инфрақұрылымының дамытылуы кезінде қаншама жандар жұмысқа тұрып, нәпақасын айырады. Қазірдің өзінде іргеде жүріп жатқан темір жол құрылысының дүбірі Егінді ауылының тұрғындарын елеңдетіп отыр. Ертең осы жолмен әрі-бері қатынас басталғанда ауыл тұрғындары сатуға құрт, майы мен айран, қымызын алып шығатын болады. Мұның өзі елдің тұрмысын көтеруге септігін тигізеді, – дейді аудан әкімі Хамит Омаров төселіп жатқан темір жол табанының құрылысымен танысып жүріп.

Иә, шын мәнінде Шұбаркөл темір жолының экономикалық, әлеуметтік артықшылықтары жетерлік. Біріншіден, Оңтүстік Қазақстан мен Алматыға қарай тасымалдау жолын қысқартады. Ал Қостанайға қарай көбейетін жүк көлемін ескерсек, солтүстік өңірдің тамырына қан жүгірері хақ. Жолаушы тасымалдаудың іске асырылатыны тағы бар. Шұбаркөлдің Арқалық үшін маңыздысы – оның көмірі. Марганец кен орындары бар Шұбаркөлдің бір-біріне жақын өңірлер – Ұлытау, Жезқазған, Арқалық арқылы өнімі елге таралып, Орталық Қазақстанның дамуына сүбелі үлесін қосатын болады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.