Шәді Қиянбеков, суретші: «Менің кредом шексіз даланың еркін тынысын бейнелеу»

Асылында қазақ ұнатқан ұғланына «шыққан тегі мықты ғой», «тегіне тартқан-ақ екен» деп сүйсініп жатады. Біздің сұхбаттасымыз Шәді суретшінің де шыққан тегі мықты екен. Ұлы әкелері Бөстек пен Шайрық деген кісілер елін жауынан қорғаған, батырлығымен танылған кісілер болған. Шайрық бабасына кезінде Абылай ханның өзі Жетікөл деген жерден қоныс бөліп берсе керек.

Батырлығымен, турашылдығымен еліне қадірлі болған Бөстек Сандыбайдың үлкен қызына құда түсіп алған. Сол қыздан Сүйіндік деген ұл туады. Сүйіндіктен Айжан, Байжан деген балалар туады. Ол екеуі де кешегі жоңғар шапқыншылығы кезінде ат үстінен түспеген батырлар болған, Бұланты шайқасына қатысып, Айжан сол шайқаста мерт болады. Кейінгі бір ұрыста Байжан да майдан даласында оққа ұшқан. Айжаннан Батырбай деген бала туады. Ол бай болған, үш рет меккеге барып, қажы атанған кісі екен. Батырбайдан – Қиянбек, одан Атымтай туады. Атымтайдан Шәдінің әкесі Мұса туған.

Қай тұлғаның да өмірі балалық шақтан бастау алады. Шәдінің де балалық шағы, жігіттік кезеңі ауылда өтті. Телікөлде туғаны болмаса, саналы ғұмырының бір бөлігі Төртіншіде өтті. Сол Төртіншінің арғы жағында, Жезді өзенінің бойында шағын ауыл болды. Қазір ол жерде жұрттың орны ғана жатыр, бәрі көшіп кеткен ол ауылдан.

Алғаш қолына қарындаш ұстаған күннен бастап сол ауыл шетіндегі шағын төбеге шығып алып ауыл қонысы, бұлақ пен өзен, ауыл адамдары бейнеленген суреттер салды. Содан да болар, оның әр жұмысы Ұлы қазақ даласының әуенімен, рухымен байланысып, астасып жатады. Кескіндемелері қазақ тұрмысын нақты суреттейді. Бір ғажабы, баланың балаң қиялынан туған сол суреттер бәйгемді шаппай бер деп сұранып тұрғандай еді. Шәкеңнен бұл құдіреттің сырын да суыртпақтап сұрап көрдік.

– Қазақ баласының бойындағы қай өнер болмасын ата-анасынан, не нағашы жұртынан дариды деп жатады ғой. Менің сырым мүлдем бөлек. Бұл қасиет маған батамен дарыған, – деп жымиды Шәкең.

– Әкем Мұса елгезек, қолынан келсе жұртқа көмектескісі келіп тұратын кісі. Сол Мұсекең елге барған сайын Егеубай деген кісіге көмектесіп тұрады екен. Ал, ол кісі Қызылордаға белгілі ұста болған адам. Жалғыз баласы майданда опат болыпты. Қартайып, үйде отырып қалғанда әкей қорасын тазалап, ашық-тесігін бітеп, үйінің құлаған сылақтарын жөндеп береді екен. Сондайда Егеубай ұста «Менің шеберлігім сенің балаңа дарыса екен. Ісімді жалғайтын артымда ұрпақ қалмады. Енді Алладан жатсам да, тұрсам да сенің балаңның қолы икемді, шебер болуын тілеймін. Батамды беріп отырамын» дейді екен жарықтық. Сол бата періштенің құлағына шалынды ма, қайдам. Өз тұқымымда өнерлі адам болмаған, өнер қонбапты. Ал менің мұндай суретші болуым сол Егеубай ұстаның батасынан шығар деп ойлаймын.

Мен жалпы портреттер мен тұрмыстық бейнелеуді суретке түсіргенде кейіпкерімнің тек сыртқы пошым-кейпін ғана алмай, олардың ішкі жан-дүниесін, нәзік сезімін, ой-армандарының рухтандырғыш күшін жіті байқауға тырысамын да, соның романтикалық кілтін іздестіруді мақсат етемін. Өмір құбылысының жасырын сырлары шексіз ғой, мені дәл осы жәйт шабыттандырады да қызықтырады. Ғажайып сәтті бейнелей отырып, оны әдеттегі шектелуден, тұйықталудан арылтып, шексіз даму идеясымен толықтыруды әдетке айналдырғым келеді. Менің кредом – шексіз даланың еркін тынысын құмарлықпен бейнелеу.

Дала тынысы, оның көркі, мұңы осы далада тұрып жатқан адамдардың рухы мен мінезін қалыптастырады. Ой мен сезімімді көрерменге жеткізе алсам, содан нақ, шын ләззат аламын. Жалпы, менде әуелден ұлтжандылық басым болды. Біз өнерде ең алдымен өз болмысымызға жүгінуіміз керек. Бүгінгі толассыз тіршілік аясында салт-дәстүр, ата жұрт тарихы деген дүниелерден қапыда көз жазып қалмауымыз керек. Қарапайым бейненің өзінен ел-жұртыңның тынысы, табиғаты сезіліп тұрар болса, сол өнер. Былайша айтқанда, картиналарымызда қазақы болмысты шынайы бейнелуге ұмтылғанымыз абзал, – дейді Шәді ағынан жарылып.

Шығармашылық жұмыстары шеберханада туып, шеберханада өлген дарынсыз суретшілердей емес, Шәдінің қолынан шыққан шығармалардың көбі көпшіліктің төрінде ілулі тұр екен.

–Кез келген суретші өз туындыларын тек өзінде сақтап отыра алмайды. Егер, сіз туындыңызды салонға қойсаңыз да, үйіңіздің төрінде тұрса да, біреуден-біреу естіп келіп картинаңызды аттай қалап алып жатса, суретшінің мойындалғаны, – дейді Шәкең.

Осы тұрғыдан алып қарағанда Шәді суретшіні де кеншілер қаласының жұртшылығы танып, біліп отыр. Оның өзі шебердің балды бармағының танылғаны деп білеміз. Бүгінде Шәді жасаған екі үлкен мүсін қалада менмұндалап тұр. Оның бірі қазақтың біртуар дарынды ұлы, жыршы, термеші, ақын Шынболат Ділдебаев тұрған үйдің қабырғасына қойылған мемориалдық тақта болса, екіншісі Жезқазған поселкесіндегі «Жезқазғаншахтапроходкалау» тресінің қабырғасында тұрған Еңбек Ері Ғазиз Омаровқа қойылған мемориалдық тақта.

– Суретшінің қолынан шыққан дүниелердің үлкен-кішісі болмайды. Мәселе – оның шынайылығында, суретшінің ішкі сырында, философиясы мен ұлтжандылығында. Қазақ өнерінде жалпы дәстүр де бар, әлем өнеріне еліктеушілік те бар. Бірақ, еліктеушілік салт-дәстүр шеңберінде болмағаны абзал. Өйткені, ол біздің болмысымыз. Әрине, әлем өнерінен үйрену керек, біліктілігіңді, шеберлігіңді шыңдау қажет. Түбінде ең маңыздысы – өз дәстүріңнен күш алған бейнелік көркем еңбектер жасауға ұмтылу, – дейді Шәді Қиянбеков әңгімесін түйіндей келіп.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.