Мәдениет қызметкерлерінің мерейі

Елбасы Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі Өнер және мәдениет саласы қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Ал, бұл мерейлі мереке биыл кеншілер қаласында ерекше жағдайда аталып өтпек. Мәдениет және өнер саңлақтарына биыл тұңғыш рет әкім сыйлығы тағайындалды. Ол осы саланы өрістетуге үлес қосқан ең таңдаулы деген қызметкерлерге берілмек. Осындай тың серпілісі бар мереке қарсаңында біз Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешпен тілдесіп, қол жеткен жетістіктер, алда тұрған жоспарлар төңірегінде ой бөліскен едік.

– Мереке құтты болсын, Қанеке. Естіп жатырмыз, биыл ерекше жағдайда тойлағалы жатқан көрінесіздер…

– Мәдениет – ел мәйегі, мемлекеттілікті айшықтайтын ең басты факторлардың бірі. Сондықтан да өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашан да биік. Бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың шежіресі, көнекөз естелігі ең алдымен оның әні мен күйінде, жыр-толғауында болған. Мәдениеті төмен елдің болашағы бұлыңғыр. Халықтың мәдениетін арттыру, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық өнерімізді дәріптеу мәдениет қызметкерлері арқылы жүзеге асып келеді.

Міне, осындай құндылықтарды ескере білген қала әкімі Әнуар Омар биыл мәдениет және өнер тарландарына арнайы сыйлығын әзірлеп отыр. Ол тоғыз түрлі номинация бойынша беріледі. Қазір қаламызда осы сыйлыққа лайықты деген мәдениет және өнер саласының қызметкерлері іріктелуде. Мұның өзі мәдениет қызметкерлерінің мерейін өсірері анық.

– Мерекеге қандай жетістіктермен келдіңіздер?

– Қаланың мәдениет салаларында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, мәдениет саласын нығайту және одан әрі дамыту, халыққа мәдени қызмет көрсетуді жетілдіру, мәдени іс-шараларды орталықтандырылған түрде ұйымдастыру, жастар мен өскелең ұрпақты ұлттық және ең үздік мәдениет үлгілері арқылы тәрбиелеу және рухани жаңғыртуға мүмкіндік беру, халық арасынан таланттарды анықтау, таланттарының әрі қарай шыңдалуына жол ашу, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда халық шығармашылығы мен бос уақыттарын тиімді пайдалануды ұйымдастыру, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңын және бағдарламаларының орындалуын жетілдіру және бақылау мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басты міндеті болып табылады. Осы мақсатта Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы, «Теміржолшылар», «Горняк» клубтары, мәдени-сауық орталығы, мәдени-сауықтыру спорт кешені, орталықтандырылған кітапхана жүйесі, балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, отбасылық кітапхана жүйесі филиалы сынды мәдени мекемелер халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Ал, қол жеткізілгенге келер болсақ, бұл бағытта ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Облыстық «Жас қанат-2013» жастар шығармашылығы байқауында «Шабыт» триосы 1 орынды иеленді. Қарағанды қаласында өткен VI облыстық балалар шығармашылығының «Жаңа есімдер-2013» конкурсына қаламыздан 44 өнерпаз қатысты. Солардың ішінде вокалдық жанр бойынша С.Серкебаева жүлделі 1 орынды, Дарын Төлеубек 2 орынды, «Менің туған өлкем» атты фотокөрмеге қатысқан Саяжан Сұлтанғалиева жүлделі 1 орынды иеленді. Көркемсөз оқу жанрына қатысқан Бейбарыс Кетебаев 1 орынды, Каракөз Аукенова 2 орынды, Аружан Тлемісова 3 орынды жеңіп алды. Хореография жанрына қатысқан «Аңсар» би тобы алғыс хатпен марапатталды.

Қазақстан Республикасы халқының бірлігі күні өткен облыстық XVIII мәдени этноорталықтар фестиваліне қаламыздан Т.Шевченко атындағы украин этно-мәдени орталығы, Ұлы Отан соғысының Жеңісіне арналған «Ардагерлер ән салады» атты соғыс және еңбек ардагерлері хор ұжымдарының XXIII облыстық фестиваліне қаламыздан «Самоцветы» және «Сатпаевские зори» ардагерлер хор ұжымдары қатысып, қала мерейін үстем етті.

Республикалық «Күншуақ» байқауының бас жүлдегері Салтанат Серкебаева Түрік Республикасының Аланья қаласында өткен Халықаралық «ART OLYMPIA» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауында 1 орынды иеленді. Айта берсек мұндай жеңістеріміз мен жемістеріміз аз емес.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Жоспар көп. Соның бірі – соңғы бірер жылдан бері елге таныла бастаған «Кеншілер сазы» фольклорлық ансамблін жасақтап, штаттық кестемен толыққанды жұмысқа көшіру. Сондай-ақ, қаламызда қуыршақ театрын, жастар театрын құру, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары тұр. Алдағы уақыттың еншісінде тұрған тағы бір ауқымды жұмыс – ұлттық мәдени орталық құру. Оның құзырында жыршы-термешілер, ақындар, дәстүрлі ән, қолөнер мектептері құрылып, жұмыс істейтін болады. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ерекше болмыстарымызды насихаттауда да айшықты шаралар ұйымдастырылады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.