Баға жетпес мұра

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде мемлекеттік кызметшілерге жүктеліп отырған міндет зор. Сондықтан, сотта істерді қарау барысында мемлекеттік тілдің қолданысына қырағы болу қажет. Соттардың іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруге, Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының заңының талаптарын орындауға бағытталған жұмыстары нақты нәтижесін беріп отыр.

Қазіргі кезде мемлекеттік тілді білуге, қастерлеуге деген талап күннен-күнге жоғарылап келеді. Мемлекеттік қызметкерлер ана тілінде сөйлеп, ана тілінде сауатты жаза білуге, сөйтіп, өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге көрсетулері тиіс.

Қазақстан Республи касындағы «Тіл туралы» заңның 13-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тіл мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Іс жүзінде, қазіргі кезде сотта іс жүргізу көбінесе орыс тілінде жүргізіледі. Оның себебі, АІЖК-нің 14-бабына сай, іс жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Яғни, талап арыз қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүгізіледі. Ал, іс жүргізу тілін білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта аудармашының қызметін тегін пайдалану қамтамасыз етіледі.

Кезінде «балаң орыс тілін білмесе ұлық болмайды» деген ұғымның бүгінде «балаң қазақ тілін білмесе мемлекеттік қызметке қол жеткізе алмайды» деген түсінікпен орын алмастыра бастағанын аңғару қиын емес. Елімізде қазақ ұлтының айқын басымдыққа ие болып, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың, арнаулы және жоғарғы оқу орындарының қаулай өсіп, қажеттілікке айналуы, қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік қызметке кіруге, бұрыннан барлары тұрақтанып, орындарында қалуға талпынып, мемлекеттік тілді жаппай меңгеріп жатқандығы осының айғағы.

Сәтбаев қалалық сотында барлық кіріс, шығыс қағаздары, ішкі ұйымдастырушылық құжаттар — өкілдер, анықтамалар қазақ тілінде толтырылады. Жиналыстар мен дөңгелек үстелдер, семинарлар, жедел кеңестер мен олардың хаттамалары қазақ тілінде жүргізіледі. Облыстық, аудандық, қалалық соттарға, облыстық сот кеңсесіне жіберілетін құжаттар мемлекеттік тілде жолданады. Басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, азаматтардың арыз-өтініштеріне де, берілу тіліне қарамастан, мемлекеттік тілде жауап беріледі. Тіл қай ұлтта, қай елде болса да, қастерлі, құдыретті.

Ол әрбір адамға ана сүтімен беріліп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс.

Ж.ДОСТИЯРОВ, Сәтбаев қалалық сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы.

Комментарии закрыты.