Ағартушы әлемін дәріптеді

20130927-10-2Қазақ әліпбиінің атасы Ахметтің 140 жылдық торқалы тойында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі оның қилы тағдырлы ғұмыры мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында №16 орта мектептің қабырғасында аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция жұмысын мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш ашып, жүргізіп отырды.

Ғылыми-тәжірибелік конфе ренцияда 4 баяндама тыңдалды. №2 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жібек Достиярова «Қазақ тіл білімі және А.Байтұрсынұлы» деген тақырыпта баяндама жасап, ғалымның қазақ тіліне сіңірген орасан зор үлесін атап өтті. – Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса, қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтары да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ ды быс тары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. 1926 жылы ғалым «Әліпбидің» жаңа түрін жазды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазуға ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтары жазылды. «Тіл – құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін танудың басы болды және қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды, – деді баяндамашы. Оның ұлтының ұлы тұлғасы ретіндегі бітімболмысын №27 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Қызданова өзінің «Ұлтының ұлы тұлғасы» тақырыбындағы баяндамасына арқау етсе, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының магистранты Эльмира Хамитова Байтұрсыновтың қазақ терминологиясын қалыптастырудағы еңбегіне тоқталды.

Қазақ газеттерінің атасы саналатын, биыл 100 жылдық мерейтойын тойлаған, Орынбор қаласында басылып шыққан «Қазақ» газетінің іргетасын қалаудағы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін оқу-әдістемелік кабинетінің оқытушысы Нұргүл Айтбаева өз баяндамасында көпшілікке жеткізді.

Аймақтық конференция жұмысын қорытындылаған Қ.Төлеш, баяндама жасаған қатысушыларға осы ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқандарын растайтын сертификат тапсырды.

Конференция аясында Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырып қаламызда өткен іс-шараларға белсенді қатысқан қала мектептері марапатқа ие болды. Әр ұлттың өкілі мекендеген қаламызда олардың өздерінің ұлттық-мәдени салт-дәстүрін дәріптеуде қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылған. Сол шараларда ІІІ орынды №12 және №27 орта мектептер иеленсе, ІІ орынды №14, 16 орта мектептердің қанжығасына байланды. Ал, І орынның жүлдесі Абай атындағы №4 мектеп-лицейге бұйырды. Тілдер күніне арналған бағдарламаларда белсенділікпен көзге түскен өзге де оқу орындары марапатқа ие болды. Барлық білім ошағы бағалы заттай сыйлықтармен марапатталды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.