Бірінші кезекте – қысқа дайындық

20130927-08-2Сейсенбідегі кеңейтілген отырысын қала әкімі Әнуар Омар жылу беру маусымына дайындықтан және қала тазалығынан бастады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Оразбаевтың хабарлауынша қысқа дайындық жақсы. Отын қоры да жеткілікті. Жеті жылу қазандығының төртеуі дайын, үшеуі жөндеу үстінде.

Осы күнге дейін қоқыс жәшіктерінің ішін кім жинайтыны, сыртын кім жинайтыны шешілмей, қаланың қоқыс алаңына айналып кеткен кездері болып еді. Сол мәселенің отырыстың күн тәртібінен түскенін қала басшысы қуана жеткізді. Енді бұл жұмыспен толығымен «Сәт Тазалық» ЖШС айналысатын болады. Бұл отырыста қалалық «Шарайна» газетіне қатысты біраз ұсыныс айтылды. Әкім газеттің ішкі мазмұнына мән беруді, қаланың тарихы, еңбек адамдары, қаланың экономикасын көтерген жандар туралы тұрақты жазып тұруды тапсырды.

Қалада 2 ботулизм ауруының тіркелгенін, №6 ОДА дәрігерлерінің салғырттығынан баланың жансақтау бөлімінде жатқанын естіген Әнуар Серікбайұлы жауапты органдарға оқиғаның анық-қанығын тексеруді, аурудың жағдайын бақылауда ұстауды жүктеді. Отырыста көтерілген маңызды мәселенің бірі – келешекте қаланың стратегиялық дамуын жоспарлайтын қоғамдық топ құру болды. Топтың құрамына қала активінің бәрін енгізуді және әр саладан зейнеткерлікке шыққан ардагерлерді тартуды ұсынды.

– Қаламыздың 10-15 жылдан кейінгі тарихын, тұрмыс-тіршілігін қалай елестетесіздер, соны ойланып идеяларыңызды беріңіздер, – деді әкім. Жиын сайын айтылып келе жатқан қаланы түнгі жарықтандыру тағы да сөз болды. Осы мәселе төңірегінде жеке ғимараттарды түрлі-түсті шамдармен безендіру барысында кәсіпкерлер мен салық басқармасы өкілдері арасында туындаған түсінбеушілікке тоқталды.

– Егер сауда орындары өздерінің тауарларының суреті салынған жарнама ілетін болса, оған салық салынады, ал тек маңдайшадағы жазылған аты үшін ешкімге ештеңе төлемейді, – деп түсіндірді Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасының басшысы Е.Қатжанов.

Әнуар Омар мекеме басшыларына жүктелген кей бір тапсырмалардың баяу орындалып жатқанын, жұмысты ширату керектігін айтты. Қалада өнер мектебін ашуға байланысты мәселені «қимыл шабан, жұмыс жаман» деп бағалады. Ал, «тазалықпен бейсенбі, сенбі күндері ғана айналысқанды қойып, күнделікті жинауды қалыптастыру керек, тұрғындардың қоқысты жәшіктің жанына төгіп кетуімен күресіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек» – деп түйіндеді.

М.ЖАППАСБАЕВА. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.