Қамқорлықтан кенде қалмайды

20130927-04-1«Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес» деген бабадан қалған сөз текке айтылмаған шығар. Қазақ елі жетім көрсе желбіреп, ет жүрегі елжіреген халық емес пе?! Қарт адамдар халық құрамындағы әлеуметтік топ. Бағзы заманнан қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа ұштасқан өмірлік мақсаты – ел бірлігіне, жер тұтастығына бас-көздік, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын берік дәнекерлеу, ұлттық бай рухани қазынаны шашау шығармай сақтау және молайта түсу еді. Қарттар қай кезде де осы міндетті жүзеге асыруда көсемдік танытты, бекзаттық пен мәрттіктің рухы бола білді. Өскелең ұрпақты үлкенге құрмет көрсетуге баулу,оларға патриоттық тәрбие беру мақсатында жыл сайын дәстүр бойынша қазан айында өткізілетін Қарттар күні қаламызда ауқымды іс-шаралармен айшықталып келеді. Осы жарқын іс биыл да өз жалғасын тауып отыр. «Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала жағасындағы құрақ» емес пе?!

Бұл тұтас бір отбасы деген институт кей шақтарда бұрыс жолға кете барады. Өмірдің өткінші, өкінішті түсінбеушіліктерінің нәтижесінде өмірде отбасының өз мәртебесін жоғалтатын сәттері, күнәсіз жандардың жанын жабырқатып алатыны да аз емес. Расында да, кейбір жандардың жеті өлшемей кескен іс-әрекеттерінің нәтижесі ата-аналардың қарттар үйіне келуіне итермелеуде. «Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – әке-шешенің қайғысы, азап, соры» екеніне дәлел болғандай. Қарттар күнін өткізуді қолға алғандағы басты мақсат та осы көкей төрінен көшпейтін жайттарды санаға мықтап сіңіру. Қазына қарттарға қамқорлық жасай отырып, ұрпақтардың ата-ана алдындағы парызы барын тағы бір мәрте еске салу…

БҰҰ Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда 1 қазанды Халықаралық Қарттар күні деп атауға қаулы етті. Жалпы, бұл мереке ХХ ғасырда өмірге келді. Басында қарттар күнін Еуропада, кейін Америкада, ал 80-жылдардың аяғында барлық әлемде атап өтетін болды.

Қарттар күнінің маңызы аз қамтамасыз етілген қарт адамдардың, жалғызілікті қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектердің мүдделеріне, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсетуге назар аудару мәселелері болып отыр.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында қарт адамдарды әлеуметтік қамсыздандырудың аралас жүйесі қалыптасты, ол зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін (мемлекеттік бөліп тарату және жинақтаушы) мүгедектігі, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды, әлеуметтік қызметтер көрсетуді және әлеуметік көмек беруді қамтиды.

Мемлекет жыл сайын зейнетақымен қамсыздандырудың ынтымақты жүйесінен төленетін зейнетақы мөлшерін арттыру жөнінде шаралар қабылдауда. Мәселен, 2003 жылғы 1 маусымнан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшерін зейнеткерлердің еңбек үлесіне қарай саралап арттыру жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша барлық зейнеткерлерге жұмыс стажына, жалақысының мөлшеріне, есептелген зейнетақы мөлшеріне қарамастан 2005 жылғы 1 маусымнан бастап 3 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы қосымша базалық зейнетақы тағайындалды. Қарт қазақстандықтардың белгілі бөлігі мүгедектігіне, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар алады.

Бұдан басқа көрсеткіштер болған кезде зейнетақы жасындағы адамдар 0,5-тен 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар алуда. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар қатарында Кеңестер Одағының Батырлары және Социалистік Еңбек Ерлері, Даңқ және Еңбек Даңқы ордендерінің толық иегерлері, соғыс мүгедектері мен қатысушылары, соларға теңестірілген адамдар, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері, тыл еңбеккерлері, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдар, барлық топтағы мүгедектер, ерекше еңбек сіңіргені үшін зейнеткерлер, көп балалы аналар мен азаматтардың басқа да санаттары бар.

Қазіргі уақытта егде жастағы адамдарға медициналық айғақтамалар бойынша техникалық көмекші (компенсаторлық құралдар) және арнайы жүріп-тұру құралдары, протездік-ортопедиялық және есту-протездеу көмегі, қажетті тифлоқұралдар беріледі.

Жалғызілікті қарт және еңбекке қабілетсіз азаматтарды әлеуметтік қолдау үшін елімізде әлеуметтік көмек бөлімшелерінің жүйесі құрылған. Елімізде 331 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері жұмыс істейді, олар 35 мыңнан астам қарт және еңбекке қабілетсіз азаматтарға қызмет көрсетеді.

Міне, қарттарға көрсетілер осындай қамқорлықтардан кеншілер қаласындағы егде адамдар да қалыс қалып отырған жоқ. Қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ақпаратына сүйенер болсақ, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 230 адам есепке алынған. Оларға 35 әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді.

Түрлі мерекелер мен атаулы күндерде қаладағы қарттарға қандай да болмасын әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Наурыз, Жеңіс күні, 8 наурыз сынды мерекелерде қарттар мен жалғызілікті қарияларға мерекелік дастархан жайылып, қаржылай да көмек жасалуда. Мұндай айшықты шара Халықаралық қарттар күні де ұмыт қалмайды. Биылғы жылы 85 жастан асқан 250 қартқа 3 мың теңгеден жәрдемақы төленіп отыр. Мұның сыртында 60 егде адамға қаладағы дәмханаларда мерекелік түстік ас беру жоспарланған. Оған қолдары ашық азаматтар қолдау көрсетіп отыр. Олар өз дәмханаларында он-он бес адамға дастархан жаймақ.

Биылғы жылғы Қарттар күні мерекесінің басты бір ерекшелігі, қала әкімі Әнуар Омар тұңғыш рет қарттармен кездесу өткізбек. Бұл іс-шара Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтеді деп жоспарланған. Оған 300-дің үстінде қарттар мен соғыс және еңбек ардагерлері шақырылатын болады.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.