Жарасты ғұмыр

20130927-04-2Олардың бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, бала өсіріп, ұрпақ сүйгендерінде жарты ғасырға жуықтап қалды. Бүгінде жетпістің айдынына желкен жайған Досым аға мен Жеңіс тәте тағдырларына ырзашылықтарын білдіріп, жүріп өткен жолдарындағы қуаныштарын көңілдене еске алып, қиындықтардан сүрінбей өткендеріне тәубе етеді. Доскең – Досым Дүтбаев қарашаңырақ Қарсақбайдың тумасы, ал, Жеңіс Жүндібаева – Сарысудың аруы. Тағдыр оларды Қарағанды қаласында тоғыстырды. Қарағанды педагогикалық институтына түскен екі жас сол жерде танысып, табысты. Институтты тәмамдаған жылы жүректері жарасып, шаңырақ көтерді.

Досым Дүтбаев та, Жеңіс Жүндібаева да өмірдегі бақытын ұстаздықтан тапқан жандар. 1967 жылы институт бітіріп келген қос бірдей жас маман еңбек жолдарын Ұлытау ауданында бастаған еді. Ол кезде аудан мектептерінде физика пәнінің мұғалімдері тапшы еді. Білім бөлімінің басшылары оларды құшақ жая қарсы алды.

Қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ Доскеңнің ұйымдастырушылық қабілеті ел назарын өзіне аударды. Бұған дейін сабаққа селқостық танытып жүретін оқушылардың өзі оның жанына үйіріле қалды. Жас маманның өзіндік қабілеті мен сан қырлылығын байқаған білім бөліміндегілер оны №1 Ұлытау орта мектебінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп қойды. Ал, араға жылдар салып, тәжірибесі толыққан Досымды Аманкелді ауылындағы Сарлық орта мектебіне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындады.

Біздің кейіпкеріміз Досым Дүтбаев өзінің саналы ғұмырында бала тәрбиесіне қатысты саланың барлық баспалдағынан өтті. Қатардағы қарапайым мұғалімдіктен мектеп директорының орынбасары, оқу бөлімінің бастығы сынды қызметтерді мінсіз атқара білді. Соның бәрінде өзінің іскерлігін танытып, қызмет еткен мектептерін биіктерге көтерді.

Досым ағаның жары Жеңіс апай да ұстаздықпен өнеге өрбіткен адам. Бір қолымен бала тербетіп жүріп, ол мектептен қол үзбеді. Доскеңді қай ауылға жіберсе Жеңіс тәте де қабақ шытпай соңында ілесіп жүрді. Сол ауылға барып, мектепте қатардағы мұғалім болды. Қолынан келгенше қолтығынан демеп, жәрдемшісі бола білді.

Ұстаздық өмірден қол үзу Доскеңе де, Жеңіс тәтеге де оңайға соқпады. Отбасы жағдайымен Сәтбаев қаласына қоныс аударғаннан кейін №27 қазақ орта мектебіне қатардағы мұғалім болып жұмысқа орналасқан Досым аға күні кешеге дейін ұстаздық жолын жалғастырды.

«Сүйген істің сүйініші көп» демей ме халық даналығы. Досым Дүтбаев та, Жеңіс Жүндібаева да ұстаздық өмірдің бақытын біркісідей тата білді. Досым Дүтбаев Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанды, ал, Жеңіс Жүндібаеваның алған мақтау грамоталарына сан жетпейді.

Отбасы бақыты – балаларында. Серігі – Әлияны, Сұңғаты Салтанатты түсіргенде Доскең мен Жеңіс тәте жүректері жарылардай қуанған. Жастайынан бала тәрбиесімен көздері қаныққан қос ұстаз келіндері адғаш табалдырық аттағанда-ақ олардың қандай жан екенін бірден байқап, құдайларына құлдық айтқан. Шынында да, қос келіні – қос қызы тәрізді. Ал, келіндері болса тағдырдың оларға осындай ата-ене жолықтырғандарына қуанады. Білмегендерін үйретіп, кішкентай ғана жақсы істеріне сүйсініп, қолпаштап отыратын ата-ененің сөзін жерге тастау адамдық қасиеттен жұрдай болғандық деп түсінеді олар.

Осындай өзара сыйластық салтанат құрған шаңыраққа береке де үйірсек келетін болса керек. Қазір қос ұлынан Ақниет, Әділет, Ақбота, Айдана, Гүлназым, Ұлпан есімді немерелер ата-әжесінің қуанышы болып жүр. Қос қария келіндері осы көрінгендермен тоқтап қалмаса екен деп тілейді. Құдай беріп жатса, өздерінің қарсы еместіктерін айтып келіндері де ата-ененің көңілін демдеп қояды.

Адам жасы ұлғайған сайын Құдайдан «қартайғанда қадірімді қашыра көрме» деп тілейді екен. Жақсы қартая білу де кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейді. Бұл орайда Досым аға мен Жеңіс апаның тағдырға өкпесі жоқ. Жарасты ғұмыр кешіп жатыр. Тек Жасаған сол ғұмырды ұзағынан берсін…

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.