«Кеншілер сазы» кенді қаланың көзайымы болады

20130927-06-3Соңғы бірер жылдан бері қаламыздың сахнасына сән беріп, өнерсүйер қауымның құлақ құрышын қандырып жүрген өнер ұжымдарының бірі – «Кеншілер сазы» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблі. Өткен жылдың жазында жасақталған аталмыш ұжым өнер ордасында өзіндік орнын алып, өз тыңдармандарын қалыптастырып үлгерді. Мереке қарсаңында біз осы ұжымды құрушы өнер жанашыры Байғара Сәдуақасовпен сұхбаттасып, ансамбльдің өмірге келу жолы мен келешегі жайлы ой бөліскен едік.

– Өткен жылы Сәтбаев қаласында болған мәдени іс-шаралардың бірінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш пен мәдени-сауық орталығының директоры Бақытжан Жайлаубаев кеншілер қаласының өнерінде беткеұстар бір өнер ұжымын құру жайлы ұсыныс айтқан еді. Олар қалада музыка колледжін бітірген жастардың жұмыссыз жүргенін алға тарта отырып, ұлт-аспаптар ансамблін құрсақ деген ойларын да ашық жеткізді. Мен оны құп алдым. Сөйтіп, өткен жылдың жазында аталмыш өнер ұжымы өмірге келді. Оған Сәтбаев қаласында тұратын кешегі музыка колледжінің түлектері мен мәдениет саласында жүрген өнерлі жастар және колледждің жоғары курс студенттері тартылды. Алғашқы жылы ансамбль 16 адамнан тұрды. Өткен жылы «Кеншілер сазы» деген атпен Кеншілер күні, Конституция күні және қала күні мен Тәуелсіздік мерекелерінде сахнаға шыққан едік. Жұртшылық жылы қабылдады. Қазір қатарымыз біртіндеп көбейіп келеді. Репертуарымыз да толыға түсуде.

Десек те, ансамбльдің толыққанды жұмыс істеуі үшін көп шаруа қажет. Ең бастысы – оның өзіндік штаттық бірлігі болғаны жөн. Қаланың қазіргі әкімі Әнуар Омар бұл бағытта жанды көмегін жасап отыр. Келешекте «Кеншілер сазы» фольклорлық ансамблі қалалық мәдениет бөлімінің құзырына берілмек. 10 штаттық бірлік беру де жоспарланған. Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында тұрақты репетициялар жасалып, репертуары байып, халыққа тамаша өнер ұсынады деген үміттеміз, – дейді ансамбльдің жетекшісі әрі дирижері Байғара Сәдуақасов.

Аз ғана уақыттың ішінде сахнаны күмбірлеген күйге бөлеп, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленген жас ұжым келешекте қаланың көзайымына айналары хақ. Оған олардың бүгінгі талпынысы, өнерге деген құлшынысы айқын айғақ.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.