Жоспарда – жасыл белдеу

20130927-02-321 қыркүйекте облыс көлемінде өткен сенбілік барысында Сәтбаев қаласының көшелерінде де абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл күні «Тазалық-2020» ЖШС-ның жұмысшылары мен қызметкерлері, сонымен бірге «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері Ұлытау көшесінің бойында көшеттер отырғызды.

Осы игі шараға қала әкімі Әнуар Омар бастаған қалалық әкімдіктің қызметкерлері де қатысып, жас көшеттер отырғызды. Осылай қаланы абаттандыру, көгалдандыру, тазарту мақсатында жарияланған күзгі екіайлық бастамасын алды.

– Осы екіайлық барысында қала-көшелері мен тұрғындар демалатын саябақтарда 3000-ға жуық жаңа көшеттер отырғызбақ ойымыз бар, – деді Әнуар Серікбайұлы. – Өздеріңіз білесіздер, Сәтбаев қаласы жазық жерде орналасқандықтан, қала маңындағы өнеркәсіп орындарынан, автокөлік жолдарынан да шаң-тозаң келеді. Сондықтан, қоршаған ортаның таза ауасын сақтау үшін қала шеңберінде жасыл белдеу жасауымыз керек. Әрине, жаңадан жасыл желектер отырғызумен қатар, оларды күтіп-бағып, суарып отыру да маңызды. Ол үшін қосымша адам күшін жұмылдырып, ескі су құбырларын жаңартып, қажет жерлерге сондай жаңа құбырлар тарту қажет. Бұл шараларды «Тазалық-2020» ЖШС жүргізеді. Осы кәсіпорынға біз жан-жақты көмек көрсетіп, штат санын көбейтіп, қажетті қаражат бөлеміз.

– Бұрынғыдай «Қазақмыстың» кәсіпорындарына арқа сүйеп отыратын заман өтіп бара жатыр, – деп сөзін жалғастырды қала басшысы. – Өз шамамызбен қаланың коммуналдық шаруашылығын нығайтып отыруымыз керек. Сонда ғана біз тек сенбіліктерде ғана емес, қаланы абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын күнделікті жүргізе аламыз. Осы орайда мен сәтбаевдықтарды өз қаласының тазалығына, көркіне жанашырлықпен қарауға шақырамын. Тұрғындар ең болмаса қоқысты белгіленген жерлерге жинақтап, аулаларында өсіп тұрған ағаштарға назар аударып, күтіп-бағып, суарып тұрса да біраз көмек болады.

Облыстық сенбілік барысында Ұлытау көшесі бойында 100 түп жас қараағаш пен үйеңкі көшеттері отырғызылды. Олар суарылып, өсіп тұрған ағаштар түбі тазартылды. «Тазалық-2020» жұмысшылары басқа да көшелерде арнайы техникамен тазалық жұмыстарын жүргізді.

М.Әбішев.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.