Достық фестивалі

20130927-10-3Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің ұлттық байлығы – тілді қорғау мақсатымен 22 қыркүйекті «Қазақстан халқының тілдері күні» деп жариялаған еді.

№15 жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі мен орыс тілі әдістеме бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқының тілдері мерекесіне арналған «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты достық фестивалі өтті.

Бұл фестивальға бастауыш және жоғары сынып оқушылары бірдей атсалысты. Фестиваль екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде оқушылар видеобаян арқылы өздеріне тиесілі ұлт жайлы толық мәлімет берсе, екінші бөлімде сол ұлттың ұлттық биін билеп немесе әнін орындап көрермендердің жылы ықыластарына бөленді. Кеш шымылдығын 5А, 10А сынып оқушылары ашты. Олар қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін таныстыра өтіп, «қара жорға» биін жоғары деңгейде билеп шықты. Содан соң көрермендер орыс, қырғыз, өзбек, татар, лезгин, украин, корей халықтарының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен ұлттық ән, билерін тамашалады. Биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған кішкене бүлдіршіндеріміз де бұл фестивальға өз үлестерін қосты. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі М.Қойшина оларды алғаш рет сахнаға шығарып, ағылшын тілінде ән орындатқызды. Жүректері толқып тұрған 1 сынып оқушылары әсем тілімен көрермендерді тәнті етті. Кеш соңында мектеп басшысы А.Тлемісова сөз алып, осы атқарылған іс-шараның ұйымдастырушыларына алғысын білдірді. Оқушыларға алдағы уақытта тек биік шыңдардан көрініп, мектебіміздің абыройын асқақтата беруін тіледі.

Эльмира БОРАНБАЕВА.

Комментарии закрыты.