Гүлденген «гүлдердің» өнері тәнті етті
Сонау 1969 жылы Қазақстанның халық әртісі Гүлжихан Ғалиеваның ұйымдастыруымен құрылған «Гүлдер» ән-би ансамблі бүгінде қазақ эстрадасының беткеұстарына айналды. Жарты құрлыққа аты шыққан бұл ансамбль келер жылы өзінің 45 жылдық мерейтойын тойламақ.
Мереке қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп жүр. Қарағанды облысынан бастау алған ансамбльдің есеп беру кеші апта басында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтіп, сәтбаевтық көрермендерін өнерлерімен тәнті етті.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, мәдениет қайраткері Бақтияр Тайлақбаев басшылық жасап отырған ән-би ансамблі жаңа құрамда әннен, биден шашу шашты.
Жарты ғасырға жуық эстра дада өзіндік қолтаңбасы қа лыптасқан ұжымның мерекелік концерттік бағдарламасын көп шілікпен бірге қа ла басшысы Әнуар Омар да тамашалады.
«Гүлдердің» мың бұралған биші қыздары «Арулар шеруі», «Шолпы», «Сылқылдақ» және т.б. ұлттық билерімізді көркем образда жеткізсе, ән тобындағы әншілер – Айбек Мұхамедәлиев, Дәулет Болатов, Сымбат Мұнатай, Жанна Асанқұлова және «Сұңқар» тобы әсем әндерін әуелетті.
«Гүлдер» шақырады» атты концертті тамашалаған сәтбаев тық тұрғындар ұжымның әр өнерпазының өнерін жылы қабылдап, қошеметтерін аямады.
Дәстүрлі мектеп болып қа лыптасып, қазақ эстрадасында өнер көрсетіп жүрген әншілеріміздің томағасын сыпырған «Гүлдер» ән-би ансам блінің шығармашылық концертінің соңында қала басшысы Ә.Омар ұжымды келер жылғы 45 жылдық мерейтойларымен құттықтап, Алғыс хат пен қаланың 40 жылдығына арналған естелік сыйлықты тапсырды. Сондай-ақ, ұжымды басқарып отырған Бақтияр Тайлақбаевтың иығына шапан жапты.
Жаңаша келбетке ие болған «Гүлдер» ән-би ансамблінің алар асуы, бағындырар белесі әлі алда. Гүлдей бер, қазақтың «Гүлдері»!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.