Болашақтың парасатты қадамы

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы әрбір қадамын сенімді басқан мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықтар қатарынан қалмай, болашақты болжамдап, өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдей алатын, өркениетті даму жолындағы жаңа бағыттарын айқындаудың жолы іспеттес.

Ұлт Көшбасшысы әр Жолдауында халықтың жағдайын бір сәтке де естен шығарған емес. Күні бүгінге дейін айтылған міндеттердің бәрі жыл өткен сайын бірте-бірте орындалу үстінде.

Елбасымыз өз Жолдауында алдағы міндеттерді айқындап қана қоймай, ХХІ ғасырдың жаһандық сын-қатерлерін де қаперінен тыс қалдырмады. Сондай-ақ, мемлекетте білім алып, еңбек етіп жатқан азаматтарға ең озық жабдықтармен және заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруді міндеттеп отыр. Әрине, біздің еліміз индустриалды-инновациялық бағытта шарықтап, дамып, қарқын алып келе жатқан елдердің қатарында. Елбасының осындай саясатын жете түсінген ел азаматтары өзінің кәсіби біліктіліктерін үзбей жетілдіріп, озық технологияларды меңгеру жолында тынымсыз еңбек етуі керек.

Қазақстан бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналғаны белгілі. Әлемдік және дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі нақ біздің елімізде өтті. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының  кө­пірі болуға тиіс» – деп атап өтті.

Соңғы уақытта халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғаны белгілі. Бізде сенім бостандығы бар, бірақ соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен дініне мүлде жат. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Сондықтан біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістердің алдын-алу, дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетіне тыйым салатын іс-шаралар жоспарын жасауымыз керек.

Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді деген президентіміз сот саласы туралы бірқатар ойларымен бөлісті. «Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес. Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет» деді. Бұл саясат жүзеге асқан жағдайда, судьялар көлемді істерге уақытты көбірек бөліп, шешімді де шығару оңайлары сөзсіз.

Кез келген мемлекет әр қадамын айқын басу үшін болашақты жоспарлап, мақсат қойып отырады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – Қазақстан Республикасының ертеңгі күні жарқын болуы үшін қабылданған құжат. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау елге парыз. Ол үшін барлығы бірге жұмылу керек. Жалпы, Жолдау аясында кез келген саланы дамытуға мүмкіндік беретін жолдар көп.

Ж.Данияров, Сәтбаев қалалық сотының судьясы.

Комментарии закрыты.