Қамдық қапысыз жасалынды

20130930-01-1«Қыс шанаңды жаз сайла» дейді шаруа баққанағайын. Осы қағиданы коммуналдық саланың мамандары да мықтап ұстанған. Олар жаздың қолайлы уақытын тиімді пайдаланып, қысқа қапысыз қамдық жасады. Қазір осы жұмыстардың жай-жапсары қандай? Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар автокөлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серік Оразбаевпен арадағы әңгіме осы төңіректе өрбіді.

Жылу қазандықтарын жөндеу

Биылғы қыс қатты болады деп күтілуде. Күздің алғашқы күндерінде-ақ қыстың ызғары сезіле бастағандай. Осыған байланысты алдағы қатал сынға ерте бастан қапысыз қамдық жасалынды.

Жалпы, жылу қазандықтарын жөндеу жылу беру маусымы аяқталысымен қолға алынатын шаруа. Осы қалыптасқан үрдіс биыл да жүйелі жүргізілді. Ерте көктемнен бастап жылу қазандықтарының ақаулы жерлерін жөндеу, ауыстыруды қажет ететін тетіктері мен қондырғыларын ауыстыру жұмыстары қолға алынды.

–Қаламызда жылу беруге негізделген екі жылу қазандығы жұмыс істейді. Оларда 7 су, 5 бу қазаны бар. Алдағы қысқа әзірлік жұмыстарын жүргізуге орай жасалынған шаралар бойынша осы қазандарға қажеттілігіне сай ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған болатын. Бұл жұмыстар ойдағыдай аяқталды, – дейді Серік Төкенұлы.

Бөлім басшысының айтуынша ПТВП-100 маркалы №1,№2 және №3 су қазандарына ағымдағы жөндеу, ДКВР-10 маркалы №1,№2 және №3 су қазандарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар кестеге сай жүргізіліп, мерзімінде аяқталған.

Сондай-ақ, №2 жылу қазандығындағы КВТК-100 маркалы №1, №2 бу қазандарына ағымдағы, №3 бу қазанына күрделі жөндеу жұмыстары жасалынды. Мұның сыртында, осы жылу қазандығының КЕ-25/14 маркалы №2 және №3 бу қазандарына күрделі жөндеу жүргізілді.

Жылу және су желілерін айырбастау

Өндірілген жылу мен судың тиісті жерлерге ысырапсыз жетуі де маңызды іс. Бұл орайда қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны құбырларды ауыстыру, сыртын орау, ақаулы жерлерін қалыпқа келтіру жұмыстарын жылда ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Биыл да кәсіпорын жылу беру маусымы аяқталған соң құбырларды жел және су қысымымен тексеріп, ақаулы жерлерін ауыстырды. Нәтижесінде 432,22 шақырым жылу желісінің 5,6 проценті, яғни, 24,49 шақырымы жөндеуді қажет ететіні анықталды. Мұның 9,62 шақырымы магистральдық, 14,87 шақырымы орамдық жылу желілері.

–Аталмыш жылу желілері толықтай ауыстырылды. Желілерді қысыммен тексеру де аяқталып, ақаулы жерлері қалыпқа келтірілді. Бұл жұмыс Сәтбаев аумағы бойынша аяқталды. Қазір Оңтүстік Батыс қазандығына қарасты желілерде жүргізіліп жатыр. Ол жұмыстар да қысқа мерзімде өткізілетін болады, – дейді. Серік Оразбаев бізбен әңгімесінде.

Бөлім басшысы берген ақпараттарға қарағанда қаланың суық су және кәріз желілерін жөндеу жұмыстары да ойдағыдай өткізілген сыңайлы. Қала бойынша 511,3 шақырым суық су құбырының 8,3 шақырымы ауыстырылып, 322,3 шақырым кәріз желісінің жөндеуге жататын 500 метрінің орына 1,202 метрі жөнделген. Бұл жоспар 219 процентке орындалып отыр.

Электр желілерін жөндеу

Қала тұрғындары мен мекемелер үшін қысқа дайындық жұмысында электр желілерін жөндеудің де маңызы ерекше. Осы бағытта электр желілері кәсіпорны белгіленген кестеге сай жұмыс жүргізуде. Олар тоқ желілерінің барлық түрлерін тексеріп, ақаулы деп табылғандарын ауыстыруды жүргізді. Сондай-ақ, подстанцияларды жөндеді.

–Қала бойынша 246,9 шақырым электр желілері тартылған. Оның 83,1 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Мұның 82,5 шақырымы ауа арқылы, 0,6 шақырымы кабель арқылы тартылған желілер. Бұл жұмыстардың бәрі толық аяқталды.

Жалпы қала бойынша 751 нысан қысқа әзірленуі керек. Оның 710-ы көп қабатты тұрғын үйлер, 24-і білім беру, 17-сі денсаулық сақтау, 8-і мәдениет, 2-уі спорт нысандары. Бұлардың бәрі қазір алдағы қысқа қапысыз қамданды, – деп түйіндеді әңгімесін қалалық тұрғын үй-коммунальдық шаруашылығы, жолаушылар автокөлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серік Оразбаевпен.

Жазып алған Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.