Қауіпсіз мектептің алдындағы қауіпті дүкен

20130930-02-3 20130930-02-1 20130930-02-2Бағасы да арзандау, оқушылардың керегін табатын «Ғалым» – көптің іздеп жүріп баратын дүкені. Тоғыз жолдың торабында орналасқан дүкен бұрын тап қазіргідей қауіпті болмайтын. Осы жазда дүкендерін кеңейткен иелері және оған рұқсат берген тұлғалар жол қауіпсіздігін ескере қоймаған сияқты. Себебі, суретте көріп тұрғандай, дүкеннің екі жағынан шығарылған баспалдақ бірден асфальтқа тіреледі.

Редакцияға телефон шалған бір тұрғын да осы жағдайды айтқан еді. Көріп қайтайын деп барған тілші Мәди Әлжаппаровқа дүкен иесі барлық құжаттарының заңды екенін, рұқсатының бар екенін айтыпты.

Әкімдіктің бір отырысында бұл мәселені қала әкіміне айтқанымызда, Әнуар Серікбайұлы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Талғат Айтжановқа «дүкеннен жүгіріп шыққан жолға қоршау қойсын, кез келген ғимараттың сыртын, айналасын абаттандырмай, ретке келтірмей жұмыс істеуге рұқсат бермеу керек» деген болатын. «Ғалымның» сырты мынау, ал ішінде сауда қызып жатыр. Көзімен көрген адам ғана бұл жолдың, әсіресе, балалар үшін өте қауіпті екенін білер. Дүкеннің дәл алдында сол балалардың өмірі үшін турникет орнатылған Абай атындағы №4 мектеп тұр.

Майра Смағұл.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.