Мемлекеттік рәміздерге құрметіміз қалай?

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің басты белгісі. Мемлекеттің бас нышандарының дұрыс пайдаланылуын реттеп, қадағалау үшін арнайы қалалық комиссия құрылған. Қала әкімі Әнуар Омар төрағалық ететін комиссияның жұмысшы тобы бекітілген кестеге сәйкес қаладағы мемлекеттік мекемелердің бірқатарында болып, рәміздердің қолданылу заңдылығын тексерді.

Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Б.Бушманова бастаған топ алдымен Сәтбаев қаласы емханасында болды. Ғимараттың төбесіндегі мемлекеттік Тудың түнгі мезгілде жазықтандырылмайтынын, өңінің кетіп, шетінің жыртылғанын кәсіпорын директоры Ә.Қоңыроваға ескертті.

Дәл осындай ескірген, жыртық Ту туберкулезге қарсы күрес диспансерінде де ілулі тұр. Ту тұғырысының қысқалығы, орнатылған жерінің лайықсыздығы жауапты қызметкерлерге түсіндірілді.

Келесі кезекте топ мүшелері қалалық ішкі істер бөлімі мен №1 орталық аурухана басшыларының жұмыс кабинеттерінде болып, Ту мен Елтаңбаның заң талаптарына сай келетіндігіне көз жеткізді. Сонымен қатар, Әділет басқармасының неке тіркеу залындағы және №1 орталық аурухананың бала туу актісін тіркеу бөлмесіндегі басты нышандардың орналасу ретіне, стандартқа сәйкестігіне көңілдері толды.

Топ мүшелері – Б.Бушманова (Г.Сағындықованың орнына), білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Г.Хасенова (Ш.Жанасылованың орнына) және «Шарайна» газетінің бас редакторы М.Жаппасбаева тексеріс жүргізген мекемелердің басшылығына тәуелсіздігімізді паш ететін ұлттық нышандарға құрметпен қарауды ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Топтың төртінші мүшесі – қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық жұмыстары бөлімінің ­басшысы Н.Салихов белгісіз себептермен тексеруге қатысқан жоқ. Топ мүшелерінің де бұл жұмысқа жауапкершілікпен қарағандары дұрыс шығар. Себебі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Еліміздің баға жетпес құндылықтары. Отанды сүю – мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталмақ.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.