«Ашық есік» күні

Сот жұмысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында өткен аптада Сәтбаев қалалық сотында кезекті «ашық есік» күні ұйымдастырылды.

20131001-4-1

Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты тарапынан берілген тапсырмаларға және Қарағанды облыстық сотының жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген бұл іс-шараға облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ерден Әріпов және Сәтбаев қалалық сотының төрағасы Руслан Мұқатаев қатысты.

Бастапқыда қабылдауға екі азаматша жазылғанмен, өзін толғандырған сұрақтың жауабын алуға тек біреуі ғана келді. Бірнеше жылдан бері адвокат болып қызмет ететін Гаухар Айтжанова меншік құқығын тану туралы істерді қарауда туындаған бірқатар сауалдарын қойды. Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ерден Әріпов бұл мәселеге байланысты өз пікірін білдіріп, оның шешілу жолдарын түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісті.

Қабылдау барысында Ерден Рауанұлы қатысушыларды өзінің жұмыс сапарының мақсатымен де таныстырып өтті.

Бүгінгі күні сот жүйесінің күн тәртібінен түспей жүрген мәселелерінің бірі – ол сот жұмысының ашықтығы. Осы орайда еліміздің Жоғарғы соты тарапынан жүйелі түрде көптеген іс-шаралар жүргізіліп келеді. Соның бірі – жергілікті, яғни қалалық, аудандық соттарда «ашық есік» күнін өткізу. Мұндағы негізгі мақсат белгілі бір себептермен облыс орталықтарындағы соттарға бара алмаған азаматтарды осы жергілікті сотта қабылдап, олардың құқықтық саладағы шешімін таппай жүрген мәселелерімен танысып, мүмкіндігінше көмек көрсету болып табылады. Сонымен қатар, аталмыш шаралар жергілікті соттың жұмысына адамдардың көңілі толмаған жағдайда тиісті іс-әрекеттер қолдануға ықпал етеді. Осындай жоспарлы жұмыстар облыстың басқа да соттарында жалғасын табуда, – деді Ерден Әріпов.

Марал Шахаева.

Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.