Қылмыс саны артуда

Қала әкімі Әнуар Омардың төрағалық етуімен кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқықбұзушылықтың жағдайын талқылау бойынша жиналыс өтті. Оған қала прокуроры Серік Назарбеков, әкім орынбасары Марал Мәдиева, мемлекеттік мекеме басшылары, білім беру саласының және ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Сәтбаев қаласы бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқықбұзушылықтың көрсеткіштері және атқарылған жұмыстар туралы ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Аманжол Кәрімов баяндама жасады. Берілген ақпаратқа сәйкес, үстіміздегі жылдың 8 айы аралығында жасөспірімдердің қатысуымен орын алған құқықбұзушылық пен қылмыс деңгейі 177,8 пайызға өскен. Аталған уақыт ішінде кәмелеттік жасқа толмағандармен 25 қылмыс жасалған. Топта жасалған қылмыс саны өткен жылы 5 болса, биыл 18-ді құрап отыр. Жалпы, Сәтбаев қаласындағы орта мектептерде оқитын балалар 7 қылмыс жасаған, ал қалған 18 қылмыстық көрсеткішті Жезқазған қаласында тұратын жасөспірімдер мен сол жақта орналасқан колледждерде білім алып жүрген студенттер беріп отыр.

– Жасөспірімдермен жасалған әрбір қылмыс біз үшін төтенше жағдай болып саналады. Бүгінгі күні біздің жұмысымыз нақтыланған екі бағыт бойынша жүргізілмек. Біріншісі – Жезқазған қаласының білім ордаларында оқитын сәтбаевтық жастардың тізімін алу, олардың сабақ кестесін тексеру және уақытылы сабаққа қатысу-қатыспауын бақылау. Екінші бағыт – Жезқазған қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі топпен бірігіп, он күн сайын екі қаланың көрсеткіштерін салыстыра отырып жұмыс жасау, – деді ІІБ басшысының орынбасары Аманжол Бақытжанұлы.

Жиналыс барысында сөз алған кейбір мектеп директорларының айтуынша, жастарды қылмыс жасауға итермелейтін негізгі факторлар тұрмыс жағдайларының төмендігі, ата-аналарының тарапынан бақылаудың жоқтығы, жеткіншектердің алкогольдік ішімдіктерді пайдалануы болып табылады.

Осы орайда жиынды қорытындылаған қала басшысы Әнуар Омар барлық жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың қараусыз, панасыз қалуына, құқықбұзушылықтар мен қоғамға қарсы әрекеттер жасауына ықпал ететін себептер мен шарттарды анықтау және оларды жою бағытында ауқымды істер атқару керектігін ескертті.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.