Қысқа дайындық аяқталды

Кеңейтілген аппарат отырысын қала әкімі Әнуар Омар жылу беру маусымының барысынан бастады.

Мәлімет бойынша қысқа дайындық аяқталды, дегенмен кейбір білім мекемелерінде жуып-шаю жұмыстары мүлдем жүргізілмегендігі анықталды. Кеншілер алаңындағы құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қала басшысы бір кездері коммуналдық меншікке сатылып кеткен кейбір ғимараттарды пайдалану арқылы ақша табу жолдарын қарастыруды ұсынды.

Отырыста кәсіпкерлік бөлімге қатысты біраз мәселелер көтерілді.

Мен біраз кәсіпкерлермен сөйлестім. Өздерінің өнімдерін шығаруды ойластырып жүрген ешкім жоқ. Бар бітіргендері бір жерден алып келіп, үстіне ақша қосып сату, яғни алып сатарлар. Бау-бақша егем дегендерге жер жетеді, айналыссын, – деді әкім.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігінің бастығы К.Қабыкеновтың баяндауынша қала бойынша 19 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді. Бәрі де жылу беру маусымына дайын. Өткен сегіз айдың қорытындысынша, өлім-жітім азайып, туу көрсеткіші көбейген. Туберкулез ауруымен алғаш рет ауырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 3,0% төмендепті. Квота бөлу жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Арнайы квотамен Қарағанды қаласына 147 науқас, Астана-Алматы емдеу орталықтарына 289 науқас жіберілген.

Ішкі істер бөлімінің мәліметінше 18 мал ұрлығы тіркелген, оның 3-і қала ішінде, яғни қорадан ұрланғандар. Әкім осыған байланысты бірнеше ұсыныстар мен тапсырмалар берді.

Сәтбаев қаласы бойынша санитарлық қадағалау басқармасы басшысының м.а. Г.Жалмурзина тұмау ауруының тіркеліп жатқандығын және бұл тұмаудың аса қауіпті екендігін айта келе, барлық ұжымдарды ауруға қарсы егілуге шақырды. Гаухар Шәріпқызы өткен отырыста сөз болған ботулизммен ауырған балалардың денсаулығының жақсы екенін де айтып кетті.

Отырыста сондай-ақ қаладағы базарлардың сырт келбетін ретке келтіру, түнгі жарықтандыру және «жасыл белдеу» жобасына байланысты жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.