Жастар мәселесі талқыланды

Қала әкімі Әнуар Омардың төрағалығымен мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға қатысқан кеңес мүшелері күн тәртібінде екі мәселені талқылады. Бірінші мәселе – Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында қоғамдық орындарда жастардың бұзақылық әрекеттерін алдын-алу бойынша жүргізілген жұмыстар төңірегінде қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Аманжол Каримов баяндама жасады. Оның айтуынша, қаладағы қоғамдық орындарда жастардың қатысуымен болатын құқық бұзушылық тыйылмай отыр.

– Ішкі істер бөлімі құқық бұзушылықтың алдын алуда ауқымды істер атқарды. Атап айтар болсақ, Қарағанды ішкі істер басқармасының нұсқауымен жоспар бекітіліп, жастар көп шоғырланатын нысандарда, көшелерде арнайы тексеріс, рейдттік іс-шаралар ұйымдастырылып, оқу орындарында дәрістер өткізілді. Қазіргі күні ұсақ бұзақылыққа ұрынатын жастардың көбісі жайсыз отбасынан шыққан, ата-ананың қарауынсыз қалғандар. Ағымдағы жылдың 8 айы бойынша ішкі істер бөліміне түнгі уақытта ата-ананың қарауынсыз жүрген 329 жасөспірім жеткізіліп, олардың ата-аналарына хаттама толтырылды. Оның сыртында 17 жасөспірім алкагольдік ішімдікке әуес ретінде тізімде тұр. Бұлармен қазіргі таңда жұмыс атқарылуда Кәмелеттік жасқа толмағандарға ішімдік сатқан нысандардың саны – 33. Олармен де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отыр, – деді баяндамашы.

Қала басшысы Ә.Омар теріс жолға түскен жастардың тәрбиесі ата-ана уысынан шыққанымен, қоғамдық іс-шараларға тарту арқылы оларды оң бағытқа салу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл бағытта Әнуар Серікбайұлы кеңес мүшелеріне бірлесе жұмыс атқаруды тапсырды.

Екінші мәселе – жастардың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы «Қанатты Ұлан» әскери-патриоттық клубының маңызы жөнінде қоғамдық бірлестіктің төрағасы Темірбек Сүлейменов өз ақпаратын ұсынды.

– «Қанатты Ұлан» қоғамдық бірлестігі 2011 жылы №25 орта мектепте құрылды. Бұл клубтың негізгі мақсаты – қала жастарын әскери патриоттық рухта тәрбиелеуге негізделген. Қазіргі таңда клубта 29 бала дайындық үстінде. Қалалық патриоттық іс-шараларды атамағанның өзінде, тәрбиеленуші жастар облыстық жарыстарда да өзө белсенділіктерін көрсетуде. Клубқа мүше болған жастар бүгінгі таңда индустриалдық колледжде жаттығып жүр. Оларға әскери дәрістер оқылып, жаттығулар үйретіледі. Әскери рухта маман даярлаудың алғашқы баспалдағы ретінде негізі қаланған ұйымға қолдау болса, – деген тілегін де жеткізді Темірбек Сүлейменұлы.

Т.Сүйлейменовтың баяндамасын жалғастырған жастар бастамашылдығы орталығының директоры Ж.Алгаринова бұл клубта дәріс алушыларға қазақ тілінде де дәріс жүргізілу қажеттігін тілге тиек етті.

Екі баяндамашының ақпаратын тыңдаған қала басшысы Әнуар Омар клуб жұмысын жандандырып, ондағы қатысушылардың санын көбейтуді және дәрістерді мемлекеттік тілде жүргізуді тапсырды.

Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы кеңестің мүшелерінің бірлесе жұмыс атқарып, әр мекеме өкілінің тарапынан атқарылар істің нәтижелі болуын тапсырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.