Кәсіпкер жайған дастархан

Халықаралық қарттар күніне орай «Шаңырақ» кафесінде қарияларға арналған кең дастархан жайылды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған бұл мерекелік жиынға 15-ке жуық қарт кісілер шақырылды.

Іс-шараны өткізуге демеушілік көрсеткен «Шаңырақ» кафесінің иесі Елена Юсенко жиналған қонақтарды мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ өмір мен бақытты қарттық шақ тіледі. Ақ жаулықты әжелер мен ақсақалды аталарға жылы лебізін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Ляззат Аманжолова да білдіріп, еліміздің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, көп жылғы қажырлы еңбегі мен ақыл-кеңестері үшін алғыс айтты.

Түскі асты дайындаған жомарт жандарға ризашылықтарын қариялар атынан Мария Антонова және Мәркеш Шәмшиева жеткізді.

Бүгінгі осы мерекеге шақырылғандар – әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген қарттар, жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектер. Бізге осындай ерекше көңіл бөліп, мерекелік дастархан жайғандарыңыз үшін сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Біз өз тарапымыздан мейрамдардан қалмай, барлығына шамамыз келгенше қатысуға тырысамыз, – дейді Сәтбаев қаласының байырғы тұрғыны, №57 шахтадан зейнеткерлікке шыққан Мария Антонова.

Іс-шара барысында қарттар дастарханнан дәм тата отырып, қалалық мәдени-сауықтыру спорт орталығының өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар, қонақтар ән ырғағымен би билеп, көңілдерін көтерді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.