Мемлекеттік тілді насихаттаған концерт

«Қазақ концерт» өнер бірлестігінің әншісі, 2004 жылғы «Superstar.kz» мега жобасының жеңімпазы Әлішер Кәрімов өткен сенбіде гастрольдік сапармен қаламызда болды.

Өнер жолын 5 жасында «Әнші балапан» байқауынан бастаған Әлішердің аты бүгінде елімізге танылып, жұрттың назарында жүр. Кеншілер сарайында отырар орындық болмауы да осының дәлелі болса керек.

Қаламызға бұрын да болып жүрген Әлішер бұл жолы арнайы тапсырыспен келген екен. Мемлекеттік тілді насихаттауға арналған концертті белгілі тележүргізуші Бақыт Қанат жүргізіп, әншінің келу мақсатымен таныстырды.

Өзінің эстрадалық тобымен, бишілерімен бір жарым сағат тыңдармандарының құлақ құрышын қандырған әншіге деген ықылас та ерекше болды. Кеш бойы бірыңғай қазақша сөйлеп, тек қазақ әндерін ғана орындап, сарайдың ішін ән-думанға айналдырып жіберді.

«Мемлекеттік тілді құрметтеймін, дегенмен сіздер рұхсат етсеңіздер ана тілімде, яғни өзбекше екі өлең орындасам» дегенде, әншіге деген қошемет дүрілдеп кетті. Кеште сондай-ақ соңғы репертуарынан, өзінің шығармашылығынан бірнеше әндер орындалды.

Жиналған жұрттың атынан қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай сахна төріне шығып, Әлішерге алғысын білдірді.

Халықтың, әсіресе, жастардың сүйіктісіне айналған әншімен өнер сүйер қауым қимай қоштасты.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.