Қоқыс шығарылып, көшеттер отырғызылды

20131011-04-2Өткен аптаның сенбісінде қаламызда облыстық сенбілік болып өтті. Ол негізінен аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталды.

Елбасы өзінің Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам деп аталытын бағдарламалық мақаласында еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтерумен қатар тазалық, көркейту жұмыстарында да олқы тұстар болмауы қажеттігін ерекше атап көрсеткен болатын. «Бұл орайда мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес.

Әрбір ауыл мен қала тазалықтың, көркеюдің, тәртіптіліктің үлгісіне айналуы керек. Қолда барды сақтап, көбейте беру үшін әрбір қазақстандық еңбекқор әрі құнтты қожайын болуы жөн», деген сөзі осыған айқын дәлел.

Кеншілер қаласы – Сәтбаев облысымызда сәулеті жағынан алдыңғы қатарлы қалалардың бірінен саналатыны мәлім. Оны одан әрі көркейту, таза әрі әсем қалаға айналдыру ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Осы мақсатта қаламызда әр апта сайын тазалық бисенбілігі мен сенбіліктер өткізіліп келеді. Сондай бір ауқымды шара өткен аптада да болып өтті.

Аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға негіздеогендіктен бұл сенбілік қала маңындағы «Айнакөл» жасанжы су қоймасының маңын күл-қоқыстан тазартудан басталды. Оған қаламыздағы «Тазалық – 2020» ЖШС-ның жұмысшылары мен қаламыздағы кәсіптік колледждердің студенттері қатысты. Сондай-ақ, қала орталығындағы «Жеңіс» саябағында да осындай іс-шара өтіп, оған қаламыздағы білім ошақтарынан он оқушыдан тартылды.

–Сенбілікке барлығы 345 мекемеден 8200 адам қатысты. Көптеген мекемелер өз деріне бекітілген аумақтарды тазалап, ағаш түптерін қопсытып, әктеді. Ал, «Тазалық – 2020» ЖШС Гурба көшесінің бойындағы тас жолдардың жиегін әктеп, «Кеншілер Даңқы» аллеясы мен «Айнакөл» су қоймасының маңын тазалап, көшеттер отырғызды.

Сенбілік күні қаламыздың мемлекеттік мекемелері мен шағын және орта бизнес нысандарының жұмысшылары, электрмен жабдықтау кәсіпорны, автокөлік және механизмдер кәсіпорны, №1 орталық аурухананың ұжымы белсенді жұмыс атқарды, – дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзина.

Гаухар Шәріпқызы сенбілікке селқос қараған мекемелердің болғанын да қынжыла отырып айтты. «Тазалық – денсаулық кепілі» десек те кейбір мекемелер қала тазалығы тұрмақ өздері отырған ғимараттың маңын жиасға, сыпыруға шықпады. Оларға әкімшілік шара қолданылғаны жөн дегенді де айтып қалды.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының берген мәліметіне қарағанда сенбілік күні қаламызда күзгі ағаш отырғызу жұмысы ойдағыдай жүргізілген. Қалалық аурухананың ұжымы өз аумақтарына 20 түп үйеңкі ағашын отырғызыпты. Жалпы, бұл күні қала бойынша 750 түп көшеттер отырғызылған. Сондай-ақ, 72 жарық бағандары сырланып, маңайы тегістелген. 3 жерде жиналған қоқыс қалдықтары тасылған.

Қоршаған ортаның тазалығы, көгалдандырылуы мен сәулеттендірілуі экологиялық жағдайымыздың да жақсаруына негіз болары анық. Қаламызда өткен осы облыстық сенбілік аймағымыздың экологиялық ахуалын бір серпілтіп тастағаны айқын. Мұндай сенбіліктер келешекте де жалғасын табатын болады.

Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.