Агроөнеркәсіптік кешен. ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ ӨЗЕГІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында тұрақты дамудың табыс тұтқасы экономиканы жедел тараптандыру екендігіне тоқтала келіп, оның бір маңызды буыны ретінде агроөнеркәсіптік кешенге назар аударды. Еңбек өнімділігін арттыру, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті іске асыру агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі үш бағыты екенін атап көрсетті.

Әрине, бұл белгілі бір дәрежеде қалалықтарға да қатысты. Осыған орай, біз кеншілер қаласындағы «Ауылшаруашылығы және ветеринария» мемлекеттік мекемесінің бастығы Амантай Әбілқасымовты әңгімеге таратқан едік.

— Елбасы «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған кейінгі Жолдауында: «Менің басты мақсатым — еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» деп ағынан жарылды. Жаңа экономиканың қозғаушы күші, әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік болып табылатындығына көңіл аударды, — деп бастады әңгімесін Амантай Әбілқасымов. —  «Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар игеруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді.

Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады.

Осыған байланысты Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын.

Оны «Бизнестің жол картасы-2020» деп атауды ұсынамын» деді Елбасы.

— Елбасының тапсырмасын Үкімет шұғыл түрде орындады. Ондағы алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қысқаша тоқтала кетсеңіз…

— Иә, Елбасының жедел индустриялық-инновациялық дамудың таяудағы бес жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы жөніндегі биылғы 19 наурыздағы Жарлығын негізге алған Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жасап, оны Үкімет 13 сәуірдегі қаулысымен бекітті. Бағдарламаның мақсаты — экономиканың шикізаттық емес секторында аймақтық кәсіпкерліктің тұрақты және теңдестірілген дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қолда бар жұмыс орындарын сақтау мен жаңадан тұрақты жұмыс орындарын ашу. Міндеттеріне келетін болсақ — жаңа бизнес-бастамаларға қолдау көрсету, кәсіпкерлік секторын сауықтыру және сыртқа өнім шығаруға ұмтылған өндірісті қолдау. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы механизмдердің бірі болып табылатын бұл құжаттың келешегі зор деп ойлаймын. Өйткені, ол — өзіміздің өсіп-өркендеуіміздің кепілі.

— Бұл тұрғыда кеншілер қаласының төңірегінде қалыптасқан ахуал қандай?

— Қазір қаланың агроөнеркәсіптік кешеніндегі жағдай өндіріс тиімділігінің өсуімен, қаржылық қызмет рыногының дамуымен сипатталады. Аграрлық секторда 33 шаруа қожалығы, «Мередиан», «Шығыс», «Кенші» бау-бақша қоғамдары, 27 000 құс ұстайтын ферма, 2 шұжық цехы, 2 тұшпара цехы, 1 балық ыстау цехы бар. Қаланың аумағында Сәтбаев ауылдық елді мекені орналасқан.

Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 61,3 миллион теңге болып, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9,6 процент артты. 86,5 тонна ет, 685,3 тонна сүт, 134,9 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Сондай-ақ, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл мүйізді ірі қараның 0,1 процент, құстың 3,5 процент көбейгені байқалады. Бүгінде 3400-дей мүйізді ірі қара, 9000-дай қой-ешкі өріске шығады.

Бағасы 36 теңгелік әлеуметтік нан пісіру одан әрі жалғасуда. Қазір қалалық қорда осы мақсатқа арналған жарты мың тоннаға жуық ұн бар.

Қала тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімдерін кедергісіз тұтынуына мүмкіндік тудыру және делдалдардың сауда-саттыққа жөнсіз араласуына жол бермеу мақсатында сенбі сайын жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Жылдың алғашқы алты айында жәрмеңкелерде арзандатылған бағамен 104 миллионға жуық теңгенің өнімдері сатылып, тұрғындар 20,8 миллион теңгеге жуық қаржы үнемдеді. «Мал-жай» базарында былтыр қарашада дәрігерлік-санитарлық талаптарға сай келетін мал сою алаңы ашылды.

Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі жетілдіру мақсатында алдағы уақытта да жүйелі жоспармен жұмыс жүргізетін боламыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сәбиғат СҰЛТАН.

Комментарии закрыты.