Көк тудың желбірегені…

Өткен сәрсенбіде Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері жөніндегі қалалық комиссияның отырысы болып, оны осы комиссияның төрағасы, қала әкімі Әнуар Омар жүргізді.

Отырысқа комиссия төрағасының орынбасары, Әділет басқармасының басшысы М.Муслимов, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, комиссия мүшелері және тексеріс барысында кемшіліктер анықталған мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібінде «Жалпы білім беру мекемелерінде мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау жұмысы туралы» және «Комиссия жанындағы жұмыс тобының мемлекеттік ұйымдарда мемлекеттік рәміздерді қолдану жағдайын зерттеу бойынша жүргізген тексерісінің нәтижесі туралы» мәселелер қаралды.

Бірінші сұраққа орай қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ж.Жамангарина ақпарат берді.

Оқушыларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында барлық мектептерде арнайы бұрыштар безендірілген. Қарағанды қаласының «Геральдика – 2004» ЖШС арадағы келісім-шарт бойынша 2013-2014 оқу жылында білім мекемелеріне 287840 мың теңгеге Мемлекеттік Рәміздер мен плакаттар алынды. Жоспарға сәйкес рәміздерді насихаттайтын әр түрлі танымдық ойындар, сурет байқаулары, шығармалар сайысы, флэшмоб, семинарлар, ашық сабақтар өткізіледі. Білім беру мекемелерінде Мемлекеттік Рәміздерді қолдану жағдайы қанағаттанарлық, патриоттық бұрыштар талапқа сай, – деді баяндамашы.

Комиссия отырысында қаралған екінші мәселеге байланысты ішкі саясат бөлімінің басшысы, комиссия хатшысы К.Сағындықованың мәліметі тыңдалды.

Сәтбаев қаласы бойынша міндетті түрде Мемлекеттік Ту тігілетін жеке тұрған ғимараттардың саны – 32. Қалалық комиссия жанындағы жұмыс тобы жүргізген тексеріс кезінде «Қорғаныс істері жөніндегі бөлім» ММ және «СәтСәулет» ЖШС балансындағы қалалық ұйымдар ғимаратында Мемлекеттік Елтаңба орнатылмағандығы анықталды. Сондай-ақ, «Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» ММ ғимаратында Ту мүлдем жоқ, Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасы ғимаратының маңдайшасында орнатылған Мемлекеттік Елтаңбаның өлшемі Ережеге сәйкес келмейді, «ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекциясы комитетінің Сәтбаев қалалық аумақтық инспекциясы» ММ атауы жазылған тақтайшада бейнеленген Елтаңба ұлттық стандартқа сәйкес емес және түрі өңіп кеткен. Өкінішке орай, тексеру барысында мұндай жағдай көптеген мекемелерде орын алғандығына көз жетті.

Екі баяндамашыны да мұқият тыңдап, слайдтан көзімен көрген қала басшысы бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтты.

Болашақ ұрпақты патриоттық сезімге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудың маңызы зор. Іс-шараларды өткізудің ішкі мазмұны да бар, балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастыру керек, олармен жұмыс істеуде тәсілдердің деңгейі, жеткізу деңгейі әр топқа сай ойластырылған жөн. Мен байқап жүрмін, бұл істе бірыңғайлылық бар екені рас, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Қала басшысының тағы бір көңілі толмағаны – аталмыш комиссия құрамының тексеріске толық қатыспауы болды. Біреудің орнына біреуді жіберу немесе келмей қалу фактілері тексеріс кезінде де байқалған болатын. Осыған орай ескерту жасалды.

«Мемлекеттік мекемені басқарып отырған мемлекеттік қызметкерге неге комиссия мүшелері барып рәміздерді құрметтеу жөнінде үгіт-насихат жүргізуі керек? Мекеме басшылығы қызметіне дейін көтерілгенде Отанға деген патриоттық сезімі оянбаса, оны оятумен біз айналысамыз ба? Тәуелсіздігіміздің белгілерін құрметтемеген басшы керек пе бізге?» деуге дейін барған Әнуар Серікбайұлы оларға шара қолдану жөнінде ұсыныс тастады.

Ішкі саясат бөліміне тексеру барысында мемлекеттік мекемелерде анықталған барлық кемшіліктерді жою жұмыстарына бақылау жүргізу ұсынылды. Жалпы білім беру мекемелерінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыру бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастыру және мемлекеттік рәміздердің қолданылуына тұрақты бақылау жасау тапсырылды.

«Көк Тудың желбірегені Жаныма қуат береді» дегендей, шайқалмай, биік тұғырда асқақтап тұрған Туды көргенде бойыңды бір мақтаныш кернейді. Әсіресе, қараңғыда төменнен түскен жарыққа шағылысып, жарқ-жұрқ етіп желбірегенін көрсең – ерекше бір сезім, қуаныш билейді.

Ал, көрінер-көрінбес болып, шеттері жалбырап, өңі кетіп салбырап тұрған Туды көргенде Тудың емес еліңнің еңсесі түскендей сормаңдай күй кешесің.

Қарапайым халықты айтпағанда, мемлекеттік мекеме басшыларының жұмысы креслодан емес, мекемесінің маңдайшасындағы Ту мен Елтаңбаның жай-күйінен басталса осы отырыстағы кемшіліктер болмас та еді.

М.Жаппасбаева, комиссия мүшесі.

Комментарии закрыты.