Ардагерлер өткенді еске алды, жастарға ой салды

20131018-12-3-120131018-12-3-2«Кәсіп­Қазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалы Кәсіподақтар күні құрметіне орай ұйымдастырылған онкүндікті қорытындылап, салтанатты жиын өткізді.

Он күнге ойластырылған іс-шаралардың басым бөлігі өз кәсібінің үздігі болып табылатын кәсіподақ мүшелерін құрмет пен даңққа бөлеу болатын. Сондай-ақ, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен бүгінгі белсенділеріне лайықты құрмет-қошемет көрсету міндеттелген еді. Сондай бір салтанатты жиынды Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымы өткізді. Басқосудың құрметті қонақтары – Яхия Асатов, Серік Дайрабаев, Айдарбек Жабасбаев, Мария Дәурембекова, Александр Литвинов және Мұса Тілеуов – кезінде осы кеніштің кәсіподақ ұйымдарына жетекшілік еткен. Ардагерлер сол кездердегі кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстарын еске алып, әңгіме қозғады. Жиынға қатысып отырған бүгінгі кәсіподақ қозғалысының белсенділеріне бұл естеліктер тағылымдылығымен ой салды. Салтанатты жиын барысында ардагерлерге Жезқазған кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Сатыбалдиннің Алғыс хаты мен ескерткіш сыйлық тапсырылды.

Бұдан әрі кеніш кәсіподақ ұйымының белсенділеріне құрмет көрсету жалғасын тапты. Жиынғы қатысушыларды «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалы төрағасының орынбасары Ақыл Төлепбергенов құттықтады. Салтанатты басқосу барысында 40 және одан да көп жыл еңбек өтілі бар 15 кәсіподақ мүшесіне Жезқазған кәсіподақ ұйымы төрағасының Алғыс хаты тапсырылса, ал олардың бесеуіне Қазақстанның алғашқы мысының 85 жылдығы құрметіне арналған белгі қоса берілді.

Бүгінде кеніштегі кәсіподақ ұйымының жұмысына белсене қатысып жүргендердің екеуі «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағының төрағасы Төреқожа Тілемісовтың Құрмет грамотасымен марапатталса, ал 13-іне Жезқазған кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Сатыбалдиннің Алғыс хаты мен сыйақы тапсырылды. Мерекелік жиын сән-салтанатымен және мән-мазмұнымен жиналғандардың есінде қалды. Осындай басқосуды сәтті ұйымдастырған Абзал Жаңабергенов төрағалық ететін кеніш кәсіподақ ұйымы онкүндіктің қорытындысына орай «Кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен бүгінгі белсенділеріне құрмет-қошемет көрсеткені үшін» деген арнайы жүлдені жеңіп алды.

Онкүндік қорытындысында еңбек адамдарына құрмет көрсету мақсатындағы іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ, фотокөрмелер мен кабинеттерді безендіру бойынша жеңімпаздар анықталды. Осы орайда бас жүлдеге Жер астындағы өздігінен жүретін жабдықтарға сервистік қызмет көрсету басқармасындағы Марина Такішова жетекшілік ететін кәсіподақ ұйымы лайықты болды. «Ең үздік офис-менеджер» конкурсында осы кәсіподақ комитетінің офис-менеджері Гүлманат Жолдасбекова жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары күні құрметіне арналған онкүндікке белсене қатысқаны үшін № 1, 2 Жезқазған байыту фабрикасының, Шығыс Жезқазған кенішінің, «Қорғау қызметі» ЖШС-нің және Жезқазған темір жол кешенінің кәсіподақ ұйымдары «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ, Жезқазған кәсіподақ ұйымының баспасөз хатшысы.

СУРЕТТЕРДЕ: Оңтүстік Жезқазған кеніші кәсіподақ ұйымының ардагерлері. Ең үздік офис-менеджер Гүлманат Жолдасбекова.

Комментарии закрыты.