Өз тілімізді өзіміз қолдайық

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 13-бабында «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деп атап көрсетілген.

Осыған орай іс жүргізіп отырған тілді білмейтін немесе жөнді түсінбейтін адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу және заңда белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы қамтамасыз етіледі. Істі сотқа әзірлеу кезінде судья талап қоюшыдан, жауапкерден, іске қатысушы басқа да адамдардан олар сот ісі жүргізілетін тілді біле ме, оларға тілмаш қажет пе, соны анықтауға міндетті.

Мен өзім қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған қасиетті Ұлытау ауданында қызмет ететінімді мақтанышпен айта аламын. Аудан көлеміндегі барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда іс жүргізу мен халықтың өзара қарым-қатынас деңгейі 100 % мемлекеттік тілде қамтылып, қалыптасқан.

Атап айтқанда, Ұлытау аудандық сотында іс жүргізу мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде жүзеге асырылады. Мысалы: 2013 жылдың 9 айында шығыс құжаттарының жалпы саны 998 болса, оның барлығы 100% мемлекеттік тілде рәсімделген. Ал, осы жылдың 9 айында сотқа түскен кіріс хат-хабарларының жалпы саны 1006 болса, оның 608-і, яғни 61% мемлекеттік тілде түсіп, тіркелген. Осы мерзімдегі ішкі құжаттар саны 118, оның барлығы 100% мемлекеттік тілде, ал 2013 жылдың 9 айында барлық аяқталған 83 әкімшілік, азаматтық, қылмыстық істердің 68-і, яғни 82%-ы мемлекеттік тілде қаралған.

Сонымен қатар, сот өндірісіне орыс тілінде түскен арыздар мен талап-арыздар, өтініштер, шағымдар және т.б. заң талаптарына сәйкес орыс тілінде қаралып, жүзеге асырылады. Болашақта кіріс құжаттарының да мемлекеттік тілде түсу деңгейі артатынына сенімім мол.

Қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің бар саласындағы қолданысын қамтамасыз ете алатындай жағдайға жеткізу – баршамыздың міндетіміз, әрі парызымыз.

Ақнұр Домбаева, Ұлытау аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.

Комментарии закрыты.