Тәрбиенің адам тағдырына әсері
Бала жаны – күрделі жаратылыс. Бала жүрегі мөлдіреген таза ғана емес, құпиялы ғажап ойға, арманға, қуанышқа, аңсауға толы. Сондықтан, бала тәрбиесі өмірдің өзі секілді үздіксіз болуы тиіс.
Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Бірінші ата-анасынан, екінші ұстазынан, үшінші құрбысынан». Ата-ана баласын көріп, өзінің өткен өмірін елестетеді, сондықтан, бала өз қателігін қайталамайтындай тәрбие беруі керек.
Отбасындағы тәлім-тәрбиенің негізгі бағыттарының бірі: баланың жеке ерекшелігін ескере отырып, жарасымды жетілген ұрпақты тәрбиелеу. Аталған нысанаға жету үшін ата-ана төмендегі міндеттерді атқаруы керек:
– отбасында баланың өсіп-жетілуіне, денсаулығына қамқорлық жасау. Тазалық дағдыларын қалыптасыру.
– еңбексүйгіштікке, еңбекті қажетсінуге баулу, баланың күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыру, тұрмыстағы, үй шаруашылығындағы еңбекке құлшынысын арттыру, өзіне-өзі қызмет ету дағдыларына үйрету.
– отбасы мүшелерінің өзара дұрыс қарым-қатынасын, тіл табысып түсінісуін, бірін-бірі тыңдап, ата-ананы, туған туыстарын, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету.
– оқудың, білім алудың, мәдени мінез-құлықтың әдеп-дағдыларын қалыптастыру.
– баланың ақылына, күшіне, біліміне сай берілген тапсырманы, талапты орындауға дайын болуға үйрету.
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп Абай атамыз айтқандай, дәл осы үш қасиетті бала бойына сіңіріп, өмірлік азық ету үшін жоғарыда аталған міндеттерді ата-ана бұлжытпай орындауға тиіс.
Балалар бұл дүниеге үлкендердің тәрбиесін алу үшін ғана емес, үлкендерді де тәрбиелеу үшін келеді. Ата-аналар өз балаларын жақсылыққа тәрбиелеу барысында өздері де жақсы бола бастайды. Бұл тәрбиелеудің негізгі заңдылығы.
Адалдықтың да, ақылдылықтың да негізі тәрбиеде. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп данышпан Абай айтқандай, баланың дамуында отбасынан кейінгі кезекте ұстаз тәрбиесінің алар орны ерекше. Ал жылы сөз – тәрбиенің кілті де, құлпы да, сондықтан, жылы сөз сөйлеуге әркез дайын болу керек. Мұғалімнің білімділігі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысының өзі оқушы тәрбиесіне әсер етеді.Ұстаз әр оқушының пікірін біліп, сөзін тыңдап, ұсынысын қабылдап, бағыт-бағдар беруші болғандықтан, шәкірттер арасында тәлім-тәрбие жұмысын жүргізуі күрделі құрылыс тәрізді, қателік жібермеуді талап етеді.
Ақылды, парасатты адамдарды тәрбиелеу мектептің ғана үлесіне тиген жүк емес, ата-анамен бірігіп көтеретін жүк.
Б.Досанова, Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің мұғалімі.