Ұлылардың ұрпағымен жүздесу

Қазақтың бір туар перзенттері Әлкей Марғұлан мен соңғы ханы Кенесары Қасымұлының шөбересі Натай Кенесариннің Орталық Қазақстан жерлерін әлемге танытудағы еңбектері ұшан-теңіз.

20131018-04-3

Әлкей Марғұлан өңіріміздегі тарихи орындарды зерттеумен айналысқанын көзі қарақты қалың жұртшылық жақсы біледі. Алайда, Натай Кенесариннің біздің аймақтағы гидрогеология саласына қосқан үлесін біле бермеуі мүмкін. Ол – Қазақстан және Өзбекстан геология ғылымының көрнекті өкілі, геология-минерология ғылымының докторы. Хан тұқымы болған­дықтан қудаланып, Мәскеу мен Таш­кентте білім алып, сол жақта жұмыс істеген.

Соғыс аяқталғаннан кейін Алматыға келіп, Ғылым ака­демиясының прези­денті, атағы Одаққа мәлім ғалым Қаныш Имантайұлы Сәт­баевтың шақыруымен академияға жұмысқа орналасады. Қ.Сәтбаевтың тап­сырмасымен Натай Әзімханұлы Жезқазған төңірегіндегі Жанай, Айдос, Үйтас су көздерін жан-жақты зерттеумен ай­налысады. 1908 жылы туған Натай Кенесарин 1975 жылы Өзбекстанда көз жұмады. Қазақстан мен Өзбекстанда гидро­геологияның негізін қалауға үлес қосқан Н.Кенесариннің есімі елімен енді қауышып жатыр.

Аталған екі ұлы тұлғаның қыздары Дәнел Әлкейқызы Марғұлан мен Раушан Натайқызы Кенесарина жақында Жезқазған және Сәтбаев қалаларына арнайы атбасын тіреді. Қала әкімі Әнуар Омардың қабылдауында болған Дәнел Әлкейқызы әкесінің есімін осы аймақ мақтан тұтатынын естіп, қуанатындығын жеткізді. Қазіргі күні Дәнел апай Ш.Уәлиханов атындағы тарих және экологиялық ғылыми-зерттеу инсти­тутының жетекші ғы­лыми қызметкері. Ғылым кандидаты, Ә.Марғұлан атындағы халықаралық қоғамдық қордың вице-президенті, марғұлантанушы.

– Әкеміздің өшпестей тарихта есімі қалды. Әрине, өзінің еңбегінің арқасында. Арқа төсіндегі сырын ішіне бүккен тарихи орындарды зерттеді. б.д.д қола дәуірі және Бегазы-Дәндібай мә­де­ниетінің кезеңін әлемдік деңгейде мойындатты. Өзінің көзі тірісінде мол дүниелер жазып, қалдырды. Келер жылы академиктің 110 жылдық мерейтойы. Осы орайда оның еңбектерін топтастырып тағы да құнды кітапты оқырманның қолына ұстатсақ деген ойымыз бар, – деді академиктің қызы.

Д.А.Қонаев универ­ситеті­нің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Раушан Натайқызы Кенесарина Жезқазған аймағына алғаш рет табан тіреп отырғандығын айта келе, ұлылардың ұрпағын құшақ жая қарсы алған Әнуар Серікбайұлына алғысын білдірді.

– Қазақ өр рухты халық. Кешегі әз бабамыз Кенесары Қасымұлы тектінің ұрпағы болатын. Ұлтының келешегі үшін жанын құрбан еткен бабалардың ұлы мұраты бүгінде орындалды. Қазақ елі тәуелсіздіктің арайлы таңын көрді. Біз тарихты ұмытпауымыз керек. Тарих ұлттық намысты көтереді. Арғы атамыз Абылай хан болса, қазақтың соңғы ханы болған Кенесарыдан тараған ұрпақтан тектілігін жоймаған менің әкем Натайдың есімі елге оралды. Қ.И.Сәтбаев негізін салған Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына алғаш келуім. Қаныштай ұлы академиктің ізі қалған бұл өңірдің болашағы зор. Осы қалаға басшылық жасап отырған Әнуар балам, Сізге осындай кездесу ұйымдастырып, асылдың сынықтарымен жүздесуге уақыт тауып кездескеніңіз үшін мың да бір алғыс, – деп сөзін түйіндеді Р.Кенесарина.

– Біз Әлкей Марғұланның тарих қойнауындағы жауһар­ларды зерттеп, зерделегенін, оның зерттеулеріне қарап осы аймақтарда ерте дәуірден бастап өндірістің жолға қойылғанын білдік. Өзінің бір зерттеулерінде осы төңіректе 500-600 мыңға дейін ерте дәуірлерде адамдар болғанын жазады. Оның зерттеулері қазақ тарихындағы құнды зерттеулер. Бегазы-Дәндібай мәде­ниетін адамзат баласының өркениетті даму сатысы деп баға берген академик, Бас қамыр мен Аяқ қамырдың сырын, Алаша хан мен Жошы ханның күмбездерін зерттеп, мол мұра қалдырды. Ал, Натай Әзімханұлының есімін кейінгі он жылдан бері ара-кідік естіп жүрміз. Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен геология-минерология саласына өз үлесін қосқан академиктің еңбектерін терең зерттеуді қажет етеді. Кенесары бабамызды мен әрқашан да дәріптеп жүремін. Ұлытау ауданына қарасты Жезді қалашығында ұлы бабамызға арнап ескерткіш бой түзеген болатын. Бүгін, міне, қос асылдың сынығымен жүздесіп, олардың ғибратты әңгімесін естіп отырмыз. Ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғаса берсе, кешегі өшкен тарих жандана бермек, – деді қала басшысы Ә.Омар.

Жылы жүздесуде сондай-ақ, Әнуар Серікбайұлы кенді қаланы өркендету жолында атқарылып жатқан шаруаларды тілге тиек етті.

Қос fкадемиктің қыздары кездесу соңында қала басшысына әкелері жайында жазылған кітаптарды тапсырып, еңбегіне табыс тіледі.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.