Діни тұтастық – ел бірлігінің басы

Қалалық әкімдік пен қос мешіттің келісімі бойынша құрылған ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшелері жақында №44 өрт сөндіру мекемесінің ұжымымен кездесті.

20131018-20-2-1

Діни тұрақтылық, ел бірлігі, діни экстремизмнің алдын алу сынды мәселелер талқыланған жиынды топ басшысы, қалалық мәдени-сауық орталығының жетекшісі Бақытжан Жайлаубаев ашып, жүргізіп отырды.

Өрт сөндірушілермен жүздесуге келген Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешіттің бас имамы Хамит Мырзагелдиев, жеке кәсіпкер, дін жанашыры Мұрат қажы Жағыпаров еліміздегі бүгінгі дін ахуалы төңірегінде әңгіме өрбітті.

– Ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанған хақ дініміз Ислам – сабырлық пен-төзімділіктің діні. Қазақ жерінде Ислам діні сүниттік бағытта тамырын тереңге жайып, ата-бабаларымыз Имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабын ұстанды. Өз алдына діни мектеп болып қалыптасқан бұл мазхаб біздің ата дәстүрімізбен, мәдениетімізбен астасып жатыр. Дінге еркіндік берілген кейінгі жылдары әртүрлі ағымдардың уағызынан сол Әбу Ханифа мазхабын теріске шығарушы жастарымыз көбейді. Бұл – діни сауаттылықтың жоқтығынан болып жатқан адасушылық. Жасыратыны жоқ, қазақ жастары қазір жиһад деп, алдап-арбауға түсіп Сирияға кетіп жатыр. Бұл жағдайды түбегейлі тоқтатпасақ, талай қазақ жастарының өмірі адасушылықпен өтеді. Асыл дініміздің жауһарларын ұрпақтарымызға ата-бабамыз ұстанған бағытта насихаттап, жеткізсек, олар теріс жолға мойын бұрмайды. Жиналған сіздердің барлығыңыз ұл-қыз тәрбиелеп отырсыздар. Сол өсіріп отырған болашақтың иелеріне дұрыс бағытта тәлім-тәрбие беріп, оның қарым-қатынас жасайтын ортасына аса мән беріңіздер. Ақпарат ағыны толассыз мына ғасырда өсіп келе жатқан жеткіншегіңізге Ислам дінінің пәк, адамның адамға бауырмал екенін түсіндіріп отырғандарыңыз қоғам үшін де, өздеріңіз үшін де ұтымды. Ол үшін әуелі діннен сауатыңыз мықты болуы керек. Ғасырдан ғасырға жалғасқан Ислам дінінің діңгегінен алыстамайық. Дін тұрақты болғанда елдің бірлігі жарасымды болады, – деп сөздерін түйіндеді дін өкілдері.

Бағдат Қазкен. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.