Алғашқы мыс балқымасы алынңан күн дүбірлі думанңа айналды

Биыл Қазақстан мысының алғашқы балқымасының алынғанына 85 жыл толып отыр. Осы бір тарихи оқиға 1928 жылы 19 қазанда Қарсақбай мыс балқыту заводында болды. Сол күні Қарсақбайда алғашқы қара мыс алынды. Қазақстанның мыс өндірісі де сол күннен бастау алды. Бүгінде Қарсақбай мыс өндірісінің қарашаңырағы атанып отыр. ­Өткен аптада қарашаңырақта осы алғашқы мыс балқымасы алынған күн дүбірлі тоймен аталып өтті.

20131018-10-1-1

Қарсақбайда өткен дүбірлі думанға «Қазақмыс» тобының Қарағанды облысы көлеміндегі өндіріс ардагерлері мен кәсіпорын қызметкерлері арнайы шақырылды. Оларды облыс және аудан әкімшіліктерінің өкілдері мен «Қазақмыс» компаниясының басшылары құттықтады.

20131018-10-1-3

Мерейтой салтанатының шымылдығы Қарсақбайда алғашқы Қазақстан мысының балқытылуына орай дайындалған бейнефильммен ашылды. Жалпы, Қарсақбай мыс балқыту заводының құрылысы 1913 жылы басталған. Бірақ, Қазан төңкерісі мен бірінші Дүниежүзілік соғыс, азамат соғысы оның жабылуына, кейін оның тіпті бұзылуына әкеліп соқты. Алайда, елге мыс қажет еді. Мұны түсінген кәсіпорын директоры Рудольф Дрейман мен ұлы ғалым, атақты геолог Қаныш Сәтбаев заводтың қайта қалпына келтірілуіне көп күш жұмсады. Инфрақұрылымдардан ал­шақ жатуы, мамандар мен құры­лысшылардың тапшы болуына қарамастан завод қалпына келтіріліп, іске қосылды. Қаныш Сәтбаев аймақты барлап, сонау жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ мұнда мол кен қоры бар екенін жария етті.

Соғыс жылдары Қарсақбай мыс балқыту заводы елдегі басқа да кәсіпорындар секілді әскери өнімдер шығаруға бағдарланды. Соғыстан кейін, жетпісінші жылдардың орта шеніне дейін заводта қара мыс өндіру ұдайы артып отырды. Мамандардың айтуынша, завод 5 мың тонна қара мыс балқытқан.

Бүгінде завод аймағы­мыздағы алпауыт кәсіпорын «Қазақмыс» тобының қам­қор­лығында. Завод негізінен корпорацияның кәсіп­орындарына қажетті түрлі детальдарды механикалық әдіспен өңдеу арқылы сұр шойын құймаларын шыға­рады. Жұмыс ауқымы жылына 350 тоннаны құрайды. Осы балқымадан завод «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің кәсіпорындарына қажетті 80 түрлі қосалқы бөлшектер жасайды. Заводта 253 адам еңбек етеді. Қарсақбай металлургия заводы қарашаңырақтың тұрғындары мен поселкедегі мекемелерді жылумен, сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.

Шағын бейнефильмде осы толағай тарих толық баяндалды.

Бұдан соң Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров мінберге шығып Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевтің құттықтау хатын оқыды. Аудан басшысы жұртшылыққа аудан тұрғындарының ыстық ықыласын да қоса жеткізді.

Келесі кезекте сөз алған «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай мерейтой иелеріне өзінің ақжарма тілегін жеткізді.

– Осыдан 85 жыл бұрын Қарсақбайда алғашқы қара мыс алынып, Қазақстанда мыс индустриясының іргетасы қаланды. Шахтерлар, кен байытушылар мен металлургтердің бірнеше буыны аянбай еңбек етіп, Қазақстан мысының жоғары сапасына қол жеткізді. Осындай жетістіктердің арқасында еліміз мыс өндірісінің әлемдік ондығынан орын алды. Осы жолда алғашқы мыс балқытушылардың сүбелі үлесі бар. Біз олардың дәстүріне құрметпен қарап, отандық индустриямыздың заманауи технологиялар көшінен қалмауына, әлемдік озық стандарттарға сай болуына талпынамыз, – деп түйіндеді сөзін басқарма төрағасы.

Эдуард Огай өз сөзінде Қарсақбай өңірі пайдалы қазбаларға бай екенін, келешекте мұнда темір кенін игеру басталатынын, бұл аймақ тынысын аша түсетінін де тілге тиек етті.

Елдің көңілін осылай бір демеп алған төраға бұдан соң бір топ ардагерлер мен өндіріс майталмандарын «Қазақ мысына – 85 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапаттады. Олардың көшін қарсақбайлық металлургтер әулетінің ақса­қалдары Қойшыбек Доспа­нов, Мұханбет Әйтенов, Тұ­рыс­бек Мұханов, барлық саналы ғұмырын Қарсақбай металлургиялық зауытының мерейін өсіруге арнаған майталман маман Мейрам Байжанов бастаса, марапат иелері сапынан Жезқазған мыс қорыту заводының, мыс ширатпасы заводының, Солтүстік Жезқазған кенішінің, Жезқазған шахтапроходкалау тресінің, «ҚазМехСервис» аймақтық кә­сіпорнының, Оңтүстік Жез­қазған кенішінің, Жезқазған құю-механикалық заводының, Шығыс Жезқазған, «Степной», Батыс Жезқазған, «Жомарт» кеніштерінің, Жезқазған байыту фабрикасының жұмысшы қызметкерлері, тіпті Балқаштан, Қарағандыдан, шырайлы Шы­ғыстан келген өндіріс майталмандар орын алды.

20131018-10-1-2

Салтанатты жиында «Қа­зақмыс» корпорациясы ЖШС кен өңдеу кешенінің бас директоры Бақтияр Қрықпышев пен «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Жанболат Бөрібаев жұртшылықты Қазақстан мы­сының 85 жылдығымен құт­тықтап, бір топ ардагерлер мен өндіріс озаттарына «Нива» автокөлігінің кілтін сыйлады. Атап айтқанда, қарсақбайлықтар – металлургия заводы құю-механикалық учаскесінің металл құюшылары Мұханбетжан Балабиев пен Сәрсенбек Тоқсанбаев, өнді­рістік-жылу қазандығының бас­тығы Шәріп Телбаев пен электрмен-газбен кесушісі Владимир Вейна, көлік учаскесінің шебері Мұханбетқали Әубәкіров пен аға энергетик Айтқали Мәменов, жезқазғандықтар – мыс қорыту заводы жөндеу-механикалық цехының токары Махамбетқали Есжанов, мыс электролиздеу цехының слесарь-жөндеушісі Геннадий Дроган, балқыту цехының бастығы Дәулет Тәжібаев пен жол монтері Арғынбек Ақмамбетов, шихта дайындау цехының учаске бастығы Амантай Мақажанов «темір тұлпар» – «Нива» жеңіл автокөлігін тақымдарына басты.

Алқалы жиында тойдың құрметті меймандары «Қара­ғандытүстімет» ӨБ әкімшілігінің жетекшісі Виктор Лавецкий, мен Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұзараф Аханов сөз алып, өздерінің көкейлеріндегі ойларын ашық жеткізді. Қарағандылық мейман өз сөзінде:

– Әлгінде, Қарсақбай за­водының мұржасынан бу­дақтап шығып жатқан түтінді көргенде көзіме жас келді. Қарсақбай әлі тірі екен-ау деп қуандым. Осы қуанышымыз ұзағынан болып, завод түтіні той күні ғана емес, күнде будақтап жатсын деген тілегім бар. Тойымыз тойға ұлассын, – десе, Мұз-ағаң:

– Басқарма төрағасы Қар­сақбай өңірі пайдалы қазбаға бай екенін айтып өтті. Ендеше, оны неге игермеске? Кезінде Қадыр Мәткенов Қонаевқа кіріп, қарашаңырақты ұстап қалмап па еді. Біз де Елбасы мен Қазақстан Үкіметінен заводтың екінші тынысын ашуға қолдау сұрайық. Оған мүмкіндік мол, – деген ұсынысын білдірді.

Салтанатта қазақ эстрадасының жұлдыздары – Нұрлан Өнербаев, Нұрлан Абдулин, Жанболат пен Жазира, жас талант Нұржан Керменбаев пен Түркияда өткен халықаралық «АртМедиа» байқауының жүл­дегері, республикалық «Ақ көгершін», «Жарқын болашақ» байқауларының жеңімпазы сәтбаевтық Салтанат Серкебаева, сондай-ақ, алматылық «Сазген сазы» фольклорлық ансамблі мен жергілікті «Нұр Шашу» бишілер тобы той сәнін келтіре түсті.

Салтанатты жиыннан соң жиналған жұртшылық «Еңбек даңқы» аллеясының ашылу салтанатына қатысты. Аллеяның лентасы қиылған соң тойға қатысушылар төрден орын алған тасбелгіге гүл шоқтарын қойды. Мұндағы бір ерекшелік – аллеяның қос қапталына Қарсақбай металлургиялық заводының бұрынғы директорлары И.В.Деевтің, Р.А.Дрейманның, Н.Д.Ефановтың, Қ.Бек­сұл­та­новтың, Т.Әбді­рахмановтың, Қ.Мәткеновтің, Е.Мәткеновтің есімдері тасқа ойылып жазы­лған екен. Тойға келген құрметті қонақтар солардың тұсына аққайың көшеттерін отырғызды.

Осы ресми шаралардан соң дүбірлі думан «Тойтөбеде» жалғасты. Онда ұлттық ат спортынан түрлі жарыстар өткізілді. Ат спорты сайысының шымылдығы теңге алу және қыз қуумен ашылды. Бұдан соң жұртшылық Қарсақбай жастарынан құралған «Қазақмыс» командасы мен Ақтас ауылы жастарының командасы арасында өткен көкпар ойынын тамашалады. Жарыс барысында қазақмыстықтар бірінші орынды иемденді.

Делебені қоздырған ат спорты тоқ бәйге мен аламан бәйгеге ұласты. Алғашқы додаға ең ұшқыр деген сегіз ат 15 шақырымға шапты. Әр айналымы 5 шақырымнан болатын бұл додада үш айналымда да Жаңаарқаның жүйрігі алдына қара салмады. Астанадан келген ат мәре сызығын екінші болып кесті. Үшінші және төртінші орындарды Жаңаарқа ауданы мен Жезқазған қала­сының шабандоздары өзара бөлісті.

Жұртшылыққа үлкен әсер еткені аламан бәйге болды. Оған әрісі Астана, Қызылорда, берісі Қарағанды мен Жезқазған қалаларынан, Шет, Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мен Ақтас, Байқоңыр, Қарсақбай ауылдарынан ұзын саны 17 ат қатысты. 30 шақырымға шапқан аттардың алдын тағы да жаңаарқалық жүйрік берген жоқ. Әр айналымы 5 шақырымнан болатын алты айналымда да алдына қара салмады. Бәйге қорытындысында ат иесі «Нива» автокөлігін тақымына басты. Бұл жарыста жеңімпаздарға бес орын тағайындалды. Төрт жүлделі орынға ең жоғарысы 600 мың теңге, ең төменгісі 100 мың теңге болатын ақшалай сыйлық берілді.

Жалпы бұл күні Ұлытау ауданы мен «Қазақмыс» ұжым­­дарының арасында таңертеңгілік басталған спорт­тық шаралар түс ауғанша жалғасты. Волейболдан, арқан тартудан, шахматтан, кір тасын көтеру мен қазақ күресінен күш сынасқандардың жолы болғандары бағалы сыйлықтар мен арнайы жүлделерге ие болды.

Поселке орталығындағы мәдениет және демалыс саябағында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, меймандарға түстік ас берілді. Жалпы бұл күні көпшіліктің көңілді серуеніне барлық жағдай жасалды. Кешкісін саябақта мерекелік концерт басталды. Оның шымылдығын ұлытаулық өнерпаздар ашып, Қазақстан эстрада жұлдыздары жалғастырды.

Алғашқы мыс балқымасы алынған күнге арналған дүбірлі думан отшашумен аяқталды.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.