Әлеуметтік-саяси маңызды күн

20131025-06-1Қазанның 18 күні қала әкімдігінде ішкі саясат бөлімінің ұйым­дастыруымен Рухани келісім күніне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Дөңгелек үстелдің басты қонақтары ретінде Сәдуақас Ошақұлы мешітінің бас имамы Ж.Мырзагелдиев, Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы С.Нұрғалиев, православие шіркеуінің иерейі Е.Кочнев шақырылды.

Этно-мәдени бірлес­тік­тер­дің өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары, «Жас Отан» жастар қанатының, жастар мәслихатының, «Жас көшбасшылар қауым­дас­тығының» белсенділері бас қосқан отырысты ішкі саясат бөлімінің басшысы Каухар Сағындықова құттықтау сөзімен ашты.

– Еліміздегі әлеуметтік, саяси маңызы бар күндердің бірі болып табылатын бұл мереке биыл жиырмасыншы рет атап өтіліп отыр. Біздің қаламызда 10 діни бірлестік жұмыс істейді. Діни ахуалды тұрақты деуге болады. Дегенмен, соңғы уақытта Исламға жат, дәстүлі емес ағымдарды жақтайтын, «джихад», «такфирді» қолдайтын жастардың көбейіп бара жатқаны қоғамды алаңдатады. Рухани келісім күні толғандырып жүрген осы мәселелер төңірегінде ашық әңгімелесу үшін сіздермен кездесіп отырмыз, – дей келе  Каухар Әлмағанбетқызы сөз кезегін бас имам Хамит Мырзагелдиевке берді.

Дін – біздің діңгегіміз, бір­лік­ке шақырушы күш. Бірақ, соның өзінде теріс жолға салып жіберетін діни ағымдар бар екені шындық. Олар рухани келісімді нығайтуға емес, керісінше, бірлікті бұзуға қызмет етеді. Ондай жат пиғылдағы ағымдармен күресті мешіт өкілдері жүйелі түрде жүргізіп келеді. Әкімшілікпен бірлескен үгіт-насихат тобы оқу орындарында, мекемелерде уағыз айтуды жалғастырып жүр.Мешітке келіп намаз оқып жүрген жастардың ішінде бізді тыңдамайтындары да кездеседі. Сондықтан, тәрбие де, уағыз да отбасынан, ата-анадан басталса жақсы нәтиже берер еді. Үйдегі бақылаудың бостығынан, балаға көңілдің бөлінбеуінен олар әртүрлі ортаға түсіп, шетел асып кеткендері де бар. Біздің қаламыздан Сирияға аттанған топ бар екенін де естідіңіздер. Одан қалды, адасып, оқшауланып жүріп өзіне өзі қол салғандарды да білеміз. Сол себепті бұл іспен көпшілік болып күресуіміз қажет, – деді Хамит Әліпбекұлы.

Келесі кезекте сөз ал­ған қалалық «Қазақ тілі» қоға­­мының төрайымы Мауия Бекмағанбетова Рухани келісім күнінің маңызы, от­басылық құндылықтары жайлы ой қозғады.

– Бүгінде тәуелсіз елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Талай елдерде қақтығыстар мен қантөгістер орын алып жатса да, біз бірлігіміздің арқасында көркейіп келеміз. Бұл – Елбасының сындарлы саясатының жемісі, қазақ халқының кеңпейілділігінің арқасы.

Дін бостандығына да тәуелсіздің арқылы қол жеткіздік. Түрлі ұлттар мен дін өкілдерінің өз дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын сақтауға барлық жағдай жасалып отыр. Өкінішке орай, қасиетті Ислам дінімен сусындаудың орнына, әке-шешесіне қарсы қойып, үй ішіне іріткі салатын ағымдарға еріп, саналарын улап жүргендер көбеймесе, азаяр емес, – деп қынжылды Мауия Бекмағанбетқызы. Осы пікірге Украин этно-мәдени орталығының төрағасы Р.Бурда, Орыс этно-мәдени орталығының төрайымы Т.Хми­лярчук, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Төлеш те қосылып, ойларын ортаға салды.

Мәдени-сауық орта­лы­ғы­ның көркемдік жетекшісі Д.Төлегеновтың айт­қан ұсынысы дөңгелек үстелге қатысушылардың көңілінен шықты. – Осындай отырыстарға басқа діннің жетегінде жүргендерді де қатыстырса, бірі болмаса бірі түсінер, бетінен қайтар деп ойлаймын. Бізде біржақтылық орын алған, қандай іс-шара болмасын белсенді деген белгілі бір топты жинап аламыз да, өзімізге өзіміз уағыз айтып отырамыз. Шеттеп, олқып-толқып жүрген жастарды ортамызға көп тартуымыз керек сияқты. Бұл жағынан бізде идеология әлсіз, – деді Дулат.

Ашық әңгіме барысында дін төңірегінде көкейде жүрген сауалдар көтеріліп, қызу пікірталас туындады. Отырысты қорытқан К.Сағындықова ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, жастарға патриоттық, адамгершілік тәрбие беруге қосқан үлестері үшін наиб имам Сембіғали Нұрғалиев пен Евгений Кочневке «Кеншілер даңқы» ескерткішінің шағын мүсіні мен «Байғазы» ақындар жинағын сыйлады.

Дөңгелек үстелдің отырысына белсене қатысқандары үшін алғысын жеткізген жүргізуші бұл атаулы күн бірлік пен қайырымдылықтың, бейбітшілік пен келісімінің  мерекесі ретінде жыл сайын аталып өтетінін жеткізді.

Майра Смағұлқызы.

Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.