Жас буынға тәлімді ойлар айтылды

20131025-06-2Рухани келісім күніне арналған іс-шараның бірі Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өтті. Діни бауырластық пен тұтастықтың негізіне айналған бұл күннің маңызы жайында Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы Сембіғали Нұрғалиев дөңгелек үстел басында №3 орта мектептің 7а сынып оқушыларына әңгімелеп берді.

– Жүз отыз ұлыс пен ұлт­тың мекеніне айналған қазақ жерінде 1992 жылдың 18 қазанынан бері аталып өтіп келе жатқан Рухани келісім күні барлық адам баласын бауырмалдыққа үндеп, рухани қолдау білдіреді. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері діни қатынастар саласында теңгермелі мемлекеттік сая­сат жүргізілуде. Соның нәти­жесінде ұлтаралық татулық пен ынтымақтастық, ауызбіршілік пен тұрақтылық, рухани сыйластық – бүгінгі таңдағы біздің басты байлығымызға айналды. Н.Ә.Назарбаев «Ұлт­­аралық және конфес­сияаралық келісім бойынша жетістіктерімізді сақтап қалу мен көбейту біздің бүгінгі ортақ жауапкершілігіміз болып отыр», – деген болатын. Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Біздің басты ұстанатын, дәстүрлі дініміз – Ислам діні. Дінаралық татулықта сан ғасырдан бері өзінің құндылығын жоймаған асыл дінімізден сендердің аларларың мол, – дей келе наиб имам жас буынға Отанның намысқой ұл-қызы болып ер жетулеріне, ата-ананы құрметтеп, білімге құштар болуға шақырды.

Сондай-ақ, С.Нұрғалиев дөңгелек үстел басына жинал­ған оқушылардың сауалдарына жауап берді.

Кездесу соңында оқырмандар залының кітапханашысы Шолпан Сабырова «Өмірлік ереже – сүре, аят» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесімен таныстырды. Бұл көрмеде Ислам дінінің жауһарларын насихаттайтын кітаптар қойылған.

Кітапхана меңгерушісі Жаңыл Мизамбаева наиб имамның жас буынмен кездесуіне келіп, тәлімді де тәрбиелі ойымен бөліскені үшін алғысын білдірді.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.