Бас имаммен кездесті

Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Имандылық – ұлттық тәрбие» атты дөңгелек үстел басында әңгіме өтті. Жиынның негізгі мақсаты – оқушыларды өз елін құрметтеуге, ұлтжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеп, жан-жақты дүние­танымдық ойлау қабілетін жетілдіру және күннен күнге санын көбейте бастаған діни секталар жайындағы деректермен таныстыру.

Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз. Ел Президенті Н.Назар­баев елімізде бейбітшілікті, ха­лық­тар арасындағы татулықты сақтауға зор еңбек сіңіруде. Бұл іске дін өкілдері де өз үлесін қосуға тиіс. Себебі, қандай дін болмасын зорлық-зомбылыққа, соғысқа қарсы. Барлық діннің уағыздайтыны ізгілік, рухани келісім, өзара түсіністік, мейірімділік, тыныштық және бейбітшілік. Осы мәселе жайында № 3 орта мектептің 10 «А» сынып оқушысы Кенжебек Аида, №1 мектеп-гимназиясының 9 «А» сынып оқушылары өз пікірлерін ортаға салды. Балалармен кездесуге келген Сәтбаев қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атын­дағы мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов жиналған жамағатқа төрт мәзһаб құндылығы туралы айтып, оның ішінде имам Ағзам Әбу Ханифа әдіснамасына кеңірек тоқталды.

Рухани келісім күндері аясында бір шаңырақ астында бас қосып, пікір алмасушылар тұрақтылықты, бейбітшілікті сақтауға өздерінің де үлес қосатындықтарын білдірді.

Дөңгелек үстел соңында оқырмандардың назарына рухани келісімді насихаттайтын «Иманды болу – парызың» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда С.Ханның «Мұхаммед Пайғамбар», «Қажылық», «Құран Кәрім», Әсет Мұкашбековтың «Рух пен тәннің саулығы», Ислам ғалымы Қ.Бағашардың «Тағылым тамшылары», А.Әділбаевтың «Кемелдік кілті», С.Сейтбековтың «Иман негіздері», «Пайғамбарымды оқып, үйренемін», т.б.кітаптары ұсынылды.

Фатима Дузбаева, Сәтбаев қаласы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

Комментарии закрыты.