Саяси өмірдегі елеулі оқиға

20131025-04-1-120131025-04-1-220131025-04-1-3Апта басында әкімшілікте қала активінің қатысуымен «Нұр Отан» партиясының Сәтбаев қалалық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды филиал төрағасы, қала әкімі Әнуар Омар ашып, жүргізді. Отырыстың негізгі мақсаты пар­тияның кезектен тыс XV съезінің шешімдерін талқылау болды. Күн тәртібіндегі «Нұр Отан» партиясының XV съезінің нәтижелері және қалалық партия ұйымының міндеттері туралы» съезд делегаты Әнуар Омар баяндама жасады.

– «Нұр Отан» партиясының XV съезі еліміз үшін өте маңызды тарихи процесстер уақытында өтті. Өздеріңізге белгілі, Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Стратегиясын жариялап, ғасыр ортасына дейінгі еліміздің даму басымдықтарын анықтап берген болатын. «Нұр Отанның» 15 жылдығы қарсаңында өтіп отырған съезд еліміз үшін маңыздылығы жоғары осы кезеңде партияның міндеттерін айқындап, жаңа даму белестерін іздестіруде үлкен орын алады.

Съезде партияның ұзақмерзімді перспективаларын айқындайтын негізгі құжаты болып табылатын жаңа саяси Доктринасы қабылданды. Док­тринада партияның жаңа идеологиясы, яғни саяси центризмге негізделген кешенді іргелі құндылықтары белгіленген. Доктринаның ең басты міндеті – Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бәсекеге қабілетті, өркендеген Қазақстанды нығайту жөніндегі жаңа саяси бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ету.

Съезде сөйлеген сөзінде Елбасы партияның жаңа бағыттарын анықтап берді. Біздің қалалық партия ұйымы да осы бағыттарды орындау бойынша алдына жаңа міндеттерді қоюы тиіс және бұл жұмысқа барлық нұротандықтар бір адамдай атсалысулары қажет.

Бірінші басымдық. «Нұр Отан» басты партиоттық күш болуы шарт. Жаңа Қазақстандық Патриотизм қалыптастыру ісінде қалалық партия ұйымы Үкіметтік емес ұйымдардың, Ардагерлер ұйымының, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының және «Жас Отан» бастаған барлық жастар ұйымдарының басын бір арнаға біріктіріп, жаңа әрі креативті шараларды іске асыруы қажет.

Екінші. Партия қашан да жалпыұлттық бірліктің орталық буыны болуы тиіс.

Қалалық партия ұйымы және барлық бастауыш партия ұйымдары мемлекеттік тілді нығайтуға, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртуға байланысты қоғамдық-саяси жұмыстардың тиімді жүйесін жасауы және барлық мәдениет қызметкерлері қалалық партия ұйымы маңына топтасуы қажет.

Үшінші. «Нұр Отан» қашан да азаматтық қоғамның көшбасшысы болуы қажет. Осы бағытта Елбасы біздің алдымызға патриоттық үкіметтік емес ұйымдардың мүдделерін қолдауды тапсырып отыр және де біз осы жолдағы жұмысымызды белсенділікпен одан әрі атқара береміз.

Төртінші. Партиялық көшбасшылықтың басты мәселелерінің бірі – экономикалық және әлеуметтік инновациялардың жалпыұлттық эпицентрі болу. Сондықтан, қалалық партия ұйымына креативті болу және шығармашыл интеллигенциямен жұмысты күшейте отырып, жастар арасында инновацияны насихаттау бойынша шараларды іске асыру да орынды болады. Бұл орайда әрбір нұротандықтың Қазақстанды дамытудың аса маңызды мәселелері бойынша Интернет-дискуссиялардың тұрақты қатысушысы болуына қол жеткізуіміз керек.

Бесінші. ХХІ ғасырдағы көшбасшы партия – жалпыхалықтық бақылаудың басты құралы. Бүгінгі таңда қалалық партия филиалы жанында партиялық бақылау комиссиясы, 8 партиялық бақылау бекеті жұмыс атқарады. Бұл – партияның сайлауалды тұғырнамасын және «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруда маңызды орын алуда. Қалалық мәслихат депутаттары Сайлауалды тұғырнаманы орындаудың барлық қырлары бойынша мемлекеттік органдарға партиялық бақылау орнатуды күшейтуі қажет. «Электронды партия» жобасын ескере отыра, жүйелі негізде қоғамдық қабылдау жұмысы күшейтілмек.

Сондай-ақ, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «азаматтық ар-ожданың принципті сақшысы» бола отыра жемқорлықпен күресуді жалғастыруымыз және «орта таптың негізін құрайтын кәсіпкерлікке жан-жақты көмектесуіміз қажет». Осы жерде сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің жұмысын одан әрі белсендету қажет және «Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша партиялық бақылау бекеттерін құруымыз керек.

Алтыншы. ХХІ ғасырда көшбасшылыққа тек жастар белсенді қолдау көрсеткен партия ғана ие бола алады. Елбасы Стратегиясы айналасына жастарды топтастыру және жұмылдыру «Жас Отанның» басты жұмысы болуы қажет. Жастар бастамалары орталығымен бірлесіп «Жас Отан» Жастар қанаты жастар проблемаларын шешуге бағытталған нақты әлуметтік жобаларды жүзеге асыруы тиіс.

Тұңғыш рет еліміздің түкпір-түкпірінен 1200 делегатты жинаған, екі күн жалғасқан және алдына жаңа мақсаттар мен міндеттерді анықтаған съезде партиямыздың атауы, эмблемасы өзгерді.

«Мәңгілік ел» болу тұрғысында Сәтбаев партия ұйымы мүшелері де съезде айтылған аса маңызды ой-пікірлерді өмірге енгізе отырып, біздің көпұлтты халқымызды біріктіру жолындағы жарқын істерді орындауға бір жұдырықтай жұмылып, еліміздің «Нұрлы болашаққа» жету жолында аянбайтынына сенемін, – деді баяндамашы.

Баяндамаға байланысты №16 жалпы білім беретін мектептің директоры, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы Саяси кеңестің мүшесі Қ.Смаилов, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты, В.Юстус, Прибалтика халықтары этно-мәдени орталығының төрайымы Ю.Малая және Жастар бастамашылдығы орталығының директоры Ж.Алғаринова шығып сөйледі.

Жарыссөзге қатысушылар қол жеткізген табыстарымызды еселеп, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен баяндылығын қамтамасыз ететін жаңа Доктрина міндеттерін жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.

Алдыңғы буын ағалардың атынан сөз алған қалалық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Ш.Байбосынов қазіргі кәсіподақтың жұмыстарына көңілі толмайтынын, кеншілерге және олардың отбасына деген қамқорлықтың жоқтығын жеткізді.

Ақсақалдар алқасының төрағасы М.Аханов «Нұр Отан» биліктің партиясы деген атына сай жұмыс істеуі үшін билікке толығымен ие болса» деген ұсынысын айтты. Әнуар Серікбайұлы ақсақалдардың ескерту, ұсыныстарын ақылдаса отырып ретке келтіруге болатынына сендірді.

Жарыссөз барысында айтылған ұсыныстарды ескере отырып, Саяси кеңес тиісті қаулы қабылдады. Қаулының жобасымен қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары, ХV съездің делегаты Ж.Дәрібаев таныстырды.

«Нұр Отан» партиясының Сәтбаев қалалық филиалы Саяси кеңесінің Бюросына төмендегі міндеттер жүктелді:

Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылғы 18 қазандағы «Нұр Отан» партиясының ХVСъезінде сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерді орындауды қамтамасыз етсін.

«Нұр Отан» партиясының ХV Съезінің шешімдерін орындау бойынша 2013 жылғы 30 қазанға дейін кешенді жұмыс жоспарын әзірлесін.

Белсенді үкіметтік емес ұйымдармен және әр түрлі мақсатты топтардың беделді өкілдерімен бірлесіп партияның ХV Съезінен туындайтын міндеттерді талқылау және дөңгелек үстелдер, кездесулер, семинарлар, конференциялар, форумдар секілді бірлескен іс-шараларды өткізу бойынша жұмыс күшейтілсін.

«Нұр Отан» партиясының ХV Съезінен туындайтын міндеттерді талқылау бойынша жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында апта сайын сюжеттердің шығуын қамтамасыз етсін.

Сәтбаев қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы:

«Нұр Отан» партиясының ХV Съезінің шешімдерін 2013 жылғы 2 қарашаға дейін депутаттық фракция отырысында қарастырсын.

«Нұр Отан» партиясының ХV Съезінде және «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» саяси Доктринасында көзделген міндеттерді орындау бойынша фракция жұмысын белсендетсін.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша мемлекеттік органдар арасында алдын-алу жұмыстарын күшейтсін.

Қалалық партия филиалының Қоғамдық қабылдауы азаматтардың арыздарын уақытылы әрі жедел шешу бойынша жұмысты жалғастырсын, өткізілетін іс-шаралардың тиімділігін арттырсын.

«Жас Отан» Жастар қанаты «Нұр Отан» партиясының ХV Съезінде қойылған міндеттерді жүзеге асыру ісіне жастарды тарту, қазақстандық патриотизмді насихаттау бойынша жастар қозғалыстарын дамыту жұмыстарын күшейтсін.

Еліміз үшін өте маңызды тарихи оқиға болып саналатын «Нұр Отан» партиясының ХV Съезінде партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар, Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды. Сондай-ақ, мүшелік партия жарналары төменгі жалақы деңгейінің 1 пайызын құрайтын болады. Съезден соң партияның Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Нұр Отанның» жаңартылуы, партия аппаратының жұмыс тиімділігін түбегейлі арттыруға байланысты нақты тапсырмалар берілді. Филиал төрағасы Әнуар Омар партия қалалық филиалының аппаратына да тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды.

– Біздің алдымызда Елбасы, партиямыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындап берген ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұр. Сондықтан да барлығымыз осы белгіленген мақсаттарды жүзеге асыру, халқымыздың әл-ауқатын көтеру, қоғамдық саяси тұрақтылықты, еліміздің бірлігін сақтау үшін жұмыла, бар күш-жігерімізді салып жұмыс жасауымыз керек, – деп қорытты жиынды Әнуар Омар.

Майра Смағұлқызы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.