Жолдауға – қолдау. Басты назарда – әлеуметтік бағдарламалар

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа міндеттері» Жолдауын халыққа жеткізу мақсатында құрылған қалалық ақпараттық-насихат тобы өз жұмысын жалғастыруда.

Жақын арада топ мүшелері қаламыздың Оқушылар сарайының ұжымымен кездесті. Кездесуге қалалық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрайымы, депутат Ә.К.Сәденова, С.Сейфуллин атындағы гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Қ.М.Мағзұмова қатысты. Топ мүшелігіне енетін қалалық прокуратураның өкілі кездесуге белгілі себептермен қатыса алмады. Кездесуде Ә.К.Сәденова Елбасының бастамасымен іске асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалардың біздің қалада жалғасын тауып жатқанын атап өтті. «100 мектеп, 100 емхана» бағдарламасы аясында кеншілер қаласында жоспарлы түрде жаңа мектеп, балабақша, көпсалалы емхана іске қосылды.

Елімізде екі жыл бойы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бюджеттік қаржы есебінен әлеуметтік, мәдени, білім салаларының нысандары күрделі жөндеуден өтіп, халыққа қызмет көрсету аясын сапалы түрде кеңейтуде. Ондай жұмыстар біздің қалада да жүйелі жүргізілуде. «Жол картасының» арқасында жұмыссыздар жаңа мамандықтарға ие болып, жөндеу жұмыстарына тартылуда.

Қалалық мәслихат депутаты осы «Жол картасына» бөлінген қаражаттың мақсатты пайдалануын, жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалауға қаламыздың халық қалаулыларының белсенді араласып отырғанын атап өтті.

Депутаттар сонымен бірге жергілікті бюджеттің орынды бөлінуіне де ықпал жасап отыр. Оған дәлел, биылғы жылы қаламыздың Оқушылар Сарайын жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттің үнемделген қаражатынан 15 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде бұл жөндеу жұмыстары толық аяқталып, Оқушылар сарайы жаңа оқу жылында балаларды қабылдауға даяр тұр.

Ә.К.Сәденова білім саласындағы қала мектептерінің жетістіктерін айта келе, Президентіміздің «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде сәтбаевтық 10 түлектердің оқып жатқанын тілге тиек етті. Елбасы осы бағдарлама бойынша талантты, өз білімімен үлкен табысқа жеткен, қарапайым отбасынан шыққан жастарды көбірек оқыту керектігін айтып отырады. Біздің қалада «Болашаққа» сондай түлектер ие болып отыр.

Кездесуде тарих пәнінің мұғалімі, ақпараттық-насихат тобының лекторы Қ.М.Мағзұмова Елбасының биылғы жылғы Жолдауының негізгі тұжырымдамаларына тоқталып, түсініктеме берді. Ұстаз ретінде, әсіресе, Жолдаудағы орта білім, мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған «Балапан» арнайы бағдарламасын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында орта білім беретін оқу орындарында мектеп табалдырығын аттайтын балалар үшін шағын орталықтар ашылды, ұстаздар мен тәрбиешілер үшін елімізде «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша курстар өткізіледі.

Кездесу соңында ақпараттық-насихат тобының мүшелері оқушылар сарайының ұжымына жаңа оқу жылында жаңа табыстар мен жетістіктер тіледі.

Мәди Әлжаппаров,

Комментарии закрыты.