Ауыл тұрғындарына есеп берді

20131025-08-1-120131025-08-1-2Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жергілікті атқарушы органдары басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындар алдында есеп беру жиналыстарын өткізуде. Төменнен жоғары қарай жүргізілетін есеп беру тәртібімен өткен аптада Жезқазған кентінің әкімі Асылхан Сәдуақасов Сәтбаев ауылының тұрғындарымен жүздесіп, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Сәтбаев ауылындағы №17 бастауыш мектептің мәжіліс залында ұйымдастырылған жиналысқа қала әкімінің орынбасары А.Ким, №17 бастауыш мектептің әкімшілігінен Б.Қожабаева, әкім аппаратының қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Алғашқы сөз кезегі баяндама жасау үшін кенттің әкімі А.Сәдуақасовқа берілді. Атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп беруді қажет деп таппаған кент басшысы баяндамасына қысқаша тоқталды.

Жезқазған кенті Сәтбаев қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 9 шақырым қашықтықта орналасқан. Кент құрамына Весовая, Крестовский, Перевалка елді-мекендері және Сәтбаев ауылы кіреді. Жалпы, Жезқазған кенті аумағында бүгінгі таңда 7870 адам тұрады. Соның ішінде экономикалық белсенді тұрғындар саны 5117 адамды құрайды. Кент аумағында 4 мектеп бар. Жезқазған кентінде орналасқан №2 мектепте – 377 оқушы, Весовая елді-мекеніндегі №10 мектепте – 155 және №12 мектепте – 301 оқушы, Сәтбаев ауылындағы №17 бастауыш мектебінде 8 оқушы білім алады. Биыл Сәтбаев ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуге жалпы сомасы 795 мың теңге бөлінді. Бұны «Тазалық 2020» ЖШС жүзеге асырады. Ауыл тұрғындарынан ауыз су туралы шағымдар түскеніне байланысты жергілікті бюджеттен 514 мың теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта Сәтбаев ауылына ауыз су аптасына 2 рет жеткізіледі, – деді Асылхан Күрдебайұлы.

Әкімнің есебінен соң жиналғандар сөз алды. Мүмкіндікті пайдаланған тұрғындар өздерін толғандырып жүрген әр түрлі мазмұндағы сұрақтарын қойып, шешімін таппай жүрген әлеуметтік мәселелері туралы пікір-ұсыныстарын білдірді. Мәселен, тұрғындардың бірі Жолаева Нұрзатхан апай ауыл мен қала арасында қатынайтын бір автобус бөлінсе екен деген өтінішін жеткізді. Бұл сұраққа байланысты кент әкімі «автобус болмайды, бұл шешілмейтін мәселе» деп бірден қайырды.

Бастауыш мектептің медбибісі Бағдат Босжанова:

Өзім жарты ставкада жұмыс істеймін. Бізді 7-8 мың теңгеге республикалық, облыстық газеттерге күштеп жаздыртады. Олар уақытында келмейді. «Шарайна» газетін ғана уақытында аламыз. Қыстың күні жол жабылғанда, мүлдем ешқандай газетті көрмейміз, – деді.

Осы орайда Жезқазған қалалық почта байланыс торабы басшысының орынбасары Қалдыбай Қадырсізов сөз алып, тұрғындардың көтерген бұл мәселесі орынды екенін және жақын арада шешетіндіктерін айтты.

Ауыл тұрғыны Жанат Қайырбеков:

Жыл сайын жан-жағымыздағы ауылдардан мал ұрланады. Орын алып жатқан осындай жайттарды жою мақсатында жасалып жатқан ешбір жұмыс жоқ. Біздің ауылда тіптен учаскелік инспектор да жоқ, – деп шағымданды.

Сонымен қатар, кездесу барысында ауыз сумен қамтамасыз ету, медициналық пункт ашу, электрэнергия тексерушісінің келмейтіндігіне байланысты сауалдар да көтерілді. Әсіресе, ауыл азаматтары қысқы мерзімде жол қатынасының нашарлығын айтып, көлік жүретін жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Бұл сұрақтардың барлығына Асылхан Сәдуақасов бір сөзбен «шешуге тырысамыз» деп жауап берді.

Жыл сайынғы сценарий бойынша өтетін есеп беру кездесуі алдын ала дайындалған адамның баға беруімен аяқталды. Бұл жолы жауапты міндетті мектеп мұғалімі Гүлім Қышамбаева атқарып, тұрғындар атынан кент әкіміне алғысын білдіріп, «өте жақсы» деген бағасын берді. Есеп беру жиынынан ел тойдан шыққандай мәре-сәре болып, «жағдайымыз бұдан да жақсарар» деген үміт жетегімен қауқылдасып тарасты.

Марал Шахай.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.