Жас құтқарушылар сайысы

Құтқарушылар күніне орай №44 өрт сөндіру бөлімінің спорттық алаңында «Жас құтқарушы» қалалық олимпиадасы өткізілді. Сәтбаев қаласының төтенше жағдайлар бөлімі мен білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесіп ұйымдастырған бұл сайысқа орта мектептердің 8 сынып оқушыларынан құралған 11 команда қатысты.

Олимпиада оқушыларды төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларына үйретуді, өзгелердің қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті арттыруды, сондай-ақ, олардың «Өрт сөндіруші» және «Құтқарушы» мамандықтарына кәсіби бағытталуын нығайтуды мақсат етті.

Қалалық олимпиаданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ербол Байғазиев ашып, ойынның өту тәртібімен таныстырды.

Бүгін жас құтқарушылар тек дене тәрбиесі жағынан жаттығып қоймайды, сонымен қатар, моральды-психологиялық дайындықтан өтіп, өздерін кез келген төтенше жағдайға дайын тұлға ретінде қалыптастырады. Олимпиаданың тапсырмалары өмірде шынайы болатын оқиғаларға тән жағдайда өтеді. Бұл сайыста алынған білім әр түрлі қиын жағдайларда балалардың өз өмірлерін аман сақтап қалуларына көмектеседі деген сенімдеміз. Оқушылардың «өрт сөндіруші» мен «құтқарушы» мамандықтарын таңдап, болашағын осы кәсіптермен байланыстыруға ықпал ететін мұндай шаралар біз үшін өте маңызды. Сондықтан, алдағы уақытта да міндетті түрде жас құтқарушылардың олимпиадалық қозғалысын дамыту керек, – деді Ербол Байғазиев.

Қатысушылар «Дабыл бойынша жиналу», «Жауынгерлік қанат жаю», «Жеке қорғау құралдарын кию», «Зардап шегушіге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету» секілді кезеңдерден күш сынасты. Іс-шара барысында барлық командалар төтенше жағдай кезіндегі теориялық білімі мен практикалық біліктіліктерін оң жағынан таныта білді. Сайыс шарттарын орындау кезінде жақсы дене дайындығын көрсеткен оқушылардан салауатты өмір салтын ұстанатындықтары байқалды.

Шығарылған қоры­тын­дыға сәйкес, жалпыкомандалық есепте жүлделі І орынды №16 орта мектептің командасы жеңіп алып, оларға «Жас құтқарушылар» қалалық олимпиадасының арнайы Кубогы табысталды. Одан әрі ІІ орынды №3, ІІІ орынды №14 орта мектептің командалары иеленді.

Сонымен бірге, әр кезеңнің көрсеткіштері арқылы да жеңімпаздар анықталды. «Дабыл бойынша жиналу» кезеңінде алдына жан салмаған №3 орта мектебінің жас құтқарушылары І орынды жеңіп алса, ІІ орынға – №27, ІІІ орынға – №16 орта мектептерінің командалары ие болды.

«Жеке қорғау құрал­да­рын кию» кезеңінде І орынды С.Сейфуллин атындағы гимназияның командасы қанжығасына байлады. Бұл кезеңде №16 және №14 орта мектептердің командалары да жақсы нәтижелер көрсетіп, сәйкесінше ІІ, ІІІ орындарға орналасты.

«Зардап шегушіге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету» кезеңінде шеберлік танытқан №16 орта мектептің командасы І орынға, №25 мектептің командасы ІІ орынға, ал №14 мектептің командасы ІІІ орынға қол жеткізді.

Өмірдің кез келген келеңсіз оқиғасынан аман шығуға, қиындыққа дайын болуға даярлайтын аталмыш шара соңында жеңімпаз атанған барлық командалар ұйымдастырушылар атынан Грамоталармен және заттай сыйлықтармен марапатталды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.