Жеңімпаздар анықталды

20131025-20-1Сүйікті қаламыз Сәтбаевтың 40 жылдық мерейтойы аясында Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Арқадағы ару қала – Сәтбаев» атты виртуалды шығармадан қалалық байқау өтті. Байқауға Сәтбаев қаласынан, Жезқазған поселкесі мен Весовая елді мекенінен 14-20 жас аралығындағы оқушылар қатысты.

Байқау жастардың тіл біліктілігін дамыту, дарынды балалардың шығармашылық әлеуетін, көркемдік талғамын ашу, дамыту және қолдауға бағытталды. Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, ойлау қабілеттерін қолдау және өрістету болды.

Іс-шара №19 мектептің оқушысы Қайрат Аружанның орындауындағы «Отырар үні» әнімен ашылды.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде балалар жергілікті ақындарымыздың өлеңдерін мәнерлеп оқып, сөз шеберліктерін көрсетсе, екінші кезеңде туған жер туралы, «Сәтбаев қаласына – 40 жыл» тақырыбына шығарма жазды. Ал, үшінші кезеңнің тапсырмасы – оқушылардың шығарған өлеңдерін бағалау қараша айына қалдырылды.

Сараптамаға 26 оқушының жұмыстары келіп түсті. Шығармаларды мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Б.Кариева, «Шарайна» газетінің бас редакторы М.Жаппасбаева және №16 орта мектеп кітапханасының меңгерушісі А.Жунусова жанжақты тексеріп, жүлделі орындарды анықтады.

Қорытындысында бас жүлдені «Туған жерім – Сарыарқа» атты шығармасымен №19 орта мектептің 9 «Б» сынып оқушы Ерғазы Амангелдинов жеңіп алды. І, ІІ және ІІІ орындарды сәйкесінше С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары Аида Оразалы, Лия Шекимова, Гүлім Ахметова иеленді.

Байқауға қатысқан барлық оқушылар дипломмен және Алғыс хаттармен марапатталды. Қатысушылар мен қонақтардың назарына «Сәтбаев – құт-мекенім» атты кітап көрмесі ұсынылды. Онымен кітапханашы А.Байғазиева таныстырды.

Ләззат АШИМОВА, Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдіскері.

Комментарии закрыты.