«Жезді жұлдыздары» жәрмеңкені қыздырды

Қақаған қыста да үзілмеген ауылшаруашылық жәрмеңкесі жаз бойы жалғасып, күзге де жетті. Осы жолғы жәрмеңке ән-күйдің аясында өтті. Сәтбаевтықтарға бұл күні көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған «Жезді жұлдыздары» халықтық ән-би ансамблі болды.

20131025-20-2-1

Жезді кенті Мәдени-сауықтыру орталығының директоры, Қарағанды облысы әкімінің 2012 жылғы «Алтын қобыз» сыйлығының иегері Айтбек Бейсенбаев бастап келген өнерпаздар екі сағаттан аса концерт берді.

Біз ұсынар концертті тыңдаңыздар! – деген жүргізушінің саңқылдаған дауысы базарлап жүрген көпшілікті өзіне қаратып алды.

Жас әнші Азамат Тойшан, жезтаңдай әншілер Алма Сарықызы, Дариға Маштаева, Жүнісбек Бекзат және «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Жездіге жол тартқан жас маман Саян Райымбековтің өнерлерін сәтбаевтықтар сүйсіне тамашалады.

«Отырардағы той», «Сайра, бұлбұл», «Ахау, керім», «Іздеме», «Қазақ елі», тағы да басқа жүрекке жылы, көңілге қонымды әндердің орындаушыларына риза болған көрермен сол жерден гүл алып сыйлап жатты.

Ал, енді сауда-саттыққа келер болсақ, бау-бақша өнімдері мен жеміс-жидектер молынан және қолжетімді бағамен сатылды. Негізгі тауарлар – картоп, қырыққабаттың келісі 50 теңгеден, жуа – 45 теңгеден, сәбіз – 70-80 теңгеден болды.

– Облыс әкімінің орынбасары Қ.Айтуғановтың бекіткен кестесіне сәйкес жәрмеңкеге Ұлытау ауданының «Егінді» ауылынан, Ұлытау, Қаракеңгір селолық округтерінен 3,5 тонна сиыр еті, 1 тоннадан аса қой еті және сүт өнімдері әкелініп, сатылды. Тек кесте бойынша ғана емес, жалпы ауылшаруашылық өнімдерін сатам деушілерге жәрмеңке есігі әрқашанда ашық, – дейді ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің басшысы А.Әбілқасымов.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.