Жез шаһардың жылнамасы

Жезқазған қаласының айнасы, кешегі облыстық «Жезқазған туы» газетінің заңды мұрагері Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газетіне биыл 40 жыл толды. Жез шаһардың жылнамасына айналған басылымның осы мерейтойына орай Жезқазғанда ауқымды іс-шара өткізілмек. Соның қарсаңында біз газеттің бас редакторы Төлеш Асантегіне жолығып, қырықтың қырқасынан өткенге көз салдырған едік.

20131025-10-1-1

– Төлеш Сүлейменұлы, илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, қуаныш та бәрімізге ортақ қой. Кешегі облыстан қалған қарашаңыраққа биыл 40 жыл толыпты, құтты болсын!

– Рахмет. Қалалық әкімдіктің қолдауымен, газет жанашырларының демеуімен мерейтойды бастап кеттік. Өздеріңіздей іні газеттер қолтықтан демеп, жылы лебіздер білдіріп жатыр. Бұл бізді қанаттандыруда.

– Ендеше, осы кө­теріңкі көңіл-күйде отырып өткенді бір еске алып көрсеңіз.

– «Кешегісіз келешек жоқ» деген көнеден қалған сөз бар. Оның үстіне белгілі бір белеске шыққанда өткенің еріксіз еске түседі. Сонау, 1973 жылы Көктөбеден (Ұлытау) Көкшетеңізге (Балқаш) дейінгі аралықты алып жатқан ел өз алдына шаңырақ көтеріп, облыс болып құрылды. Сол жас отаудың шыттай жаңа жөргегінде «Жезқазған туы» газеті өмірге келді.  Содан бері де, міне, 40 жыл уақыт өте шығыпты.  Қарап отырсақ, осы қырық жылда газетті бар-жоғы алты-ақ редактор басқарыпты. Алғашқы болып Сайлаубек Қожамсейтов «Жезқазған туының» шаңырағын көтеріп, уығын шаншып, ісін жолға қойып берді. Одан кейін редакторлықтың тізгінін марқұм Ұзақбай Төлеуов алды. Ол газетті демі таусылғанша, он жыл басқарды. Газеттің шығармашылық ұжымының бет-бейнесін айқындауға, өзіндік үнін қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді. Осы аралық ішінде шын мәнінде ұстараның жүзіндей қылпылдаған өткір мінезді, көк дөнендей лыпылдаған ұшқыр ойлы, жалындаған жастық жігері басым, салиқалы да салмақты тізгін тартары да бар әдемі бір шығармашылық ұжым қалыптасты.

Редактордың орын­та­ғына отырған Сабыр Сауытбаев та газеттің кемелденіп, ақпарат айдынында өзіндік орын алуына үлкен үлесін қосты. Сарабдал да, салиқалы басшы Сәкеңнің іскерлігінің арқасында кеңестік қасаң саясаттың сойылынан сытылып кетіп отырды.

Сабыр Сауытбаевтың ісін жалғастырған Әубәкір Ахметбеков қалыптасқан команданы шашау шығармай, өтпелі кезеңнің өткелінен адастырмай өткізді. «Жезқазған туы» енді қалалық «Сарыарқа» газеті болып шыға бастады. Осы ауыс-түйіс кезеңдерде де газеттің шаңырағы шайқалған жоқ. Әрине, сол бір кездерде базары сиреп қалғандай көңілдің коңылтақ тартқанын жасырмаймын. Газеттің шыға­ру ісін ширатуға осы бір сәттік көңіл-күйдің ептеп те болса кіреуке түсіргені рас. Бірақ, кәсіби қас шебердің аты қас шебер ғой. Ақпарат нарығында газеттің қалыптасқан беделіне көлеңке түсірмей, ілгерілетіп әкіттік. Бұл кезде «Сарыарқаның» тізгінін өз ортамыздан шыңдалып шыққан Амандық Рахов ұстаған еді.

– Газеттің жұмысы оның көтерген мәселелерімен, салиқалы ойларымен сараланады ғой. Сол жылдарда газет көтерген жүк қандай ауқымда болды?

– Иә, біртұтас идео­ло­гиялық кеңістікте, біртектес бағдарлы белдеуде өмірге келген басылымдардың бағытынан ерекшелік, өзге­шелік іздеу артық болар. Бірақ, шығармашылық шы­райы, ұжымдық ұсқын-кел­беті жағынан даралық белгілердің болатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан саралағанда, «Сарыарқа» газеті қашан да еңсесі биік қалпынан тайған жоқ. Әлі де солай деп айта аламын. Заман түрленіп, қоғам алмасып үлгерген осынау қырық жылдың ішінде басылым бастапқы басты мұратынан айныған жоқ. Халықтың мінбері, оның ойы мен арман-мүддесінің ақиқат көрінісі болып келеді. Асты-үсті байлыққа толы өңірдің және оны ел игілігіне айналдырған ерен еңбектің жылнамашысы, әрі жаршысы бола білген қарашаңырақ ұжымы қызығы мен қиындығы алмағайып түсетін шығармашылық еңбекте шыңдалып, шарықтап келеді.

Қасиетті Ұлытаудан бастап бір шеті Қарақұммен, бір шеті Торғаймен шектесіп жатқан Арқа даласында тер төгіп жүрген шопан мен шахтердің, механизатор мен металлургтің ерен еңбегін көркем тіл, кестелі оймен хатқа түсіріп, тарихта қалдырды. Осылайша Жез шаһардың шынайы жылнамасына айналды.

Газет кешегі кеңестік қасаң идеологияның қатаң қыспағында тұрып та қаламгерлік шеберлікпен ел мен жердің, діл мен діннің, тіл мен мәдени мұраның мүддесін көтере білді.

– Енді газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігінен қысқаша сыр шерте кетсеңіз.

– Сонымен, бүгінгі аймақтық «Сарыарқа» бұ­рыннан қалыптасқан шығармашылық дәстүрге адалдығын сақтай отырып, заман талабына сай болуға ұмтылуда. 2002 жылдың маусым айынан бері ол өзінің компьютерлік орталығында теріліп, беттеліп келеді. Оның беттерінен өңір тынысымен қатар әлем жаңалықтары да қатар жариялануда.

Бүгінгі аймақтық «Сарыарқа» бұрынғы облыс көлеміндегі оқырмандарын барынша сақтап қала білді. Қазір ол Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары аралығындағы елді мекендерге тарайды.

Біртұтас шығармашылық алтын ұя бола білген «Сарыарқа» қияметі басым журналистика тірлігінде асудан асуға алқынбай жетуге бір ғана шығармашылық шеберліктің, қаламгерлік қарымның аз екенін дәлелдеп берді де. Бұл арада ұжымды ұшпаққа шығаратын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаратын бірлік, «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дегізетін уағыздай ұйыған татулық екендігінің айғағын танытты. Міне, «Сарыарқада» еңсесі биік болған осы бірлік пен татулық, ұйымшылдықты қалыптастырған аға толқынның ізін ала келген іні толқын осы асыл қасиетті бойларына сіңіре білді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, «Сарыарқа» өзінің қырық жылдық тойын оқырмандары арасында ғылыми-тәжірибелік конференция ретінде тойлауды жөн санады. Ондағы мақсаты – өзінің қырық жылғы жүріп өткен жолдарын оқырмандарымен бірге саралап, алға қойылар биік межелерді оқырмандарымен бірге пайымдау.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.