Әнуар ОМАР: «Біздің міндетіміз – халыққа қызмет ету»

Барлық деңгейдегі әкімдер қызметіне кіріскеннен кейін жүз күн өткен соң ғана БАҚ өкілдеріне өзінің байлам, бағдары жөнінде сұхбат беретін бір тәртібі бар. Ондағы мақсат келген жерінің оң-солын танып, тыныс-тіршілігімен толық танысып шығайын дегендік болса керек. Әнуар Серікбайұлы Омардың да Сәтбаев қаласына әкім болып келгеніне жүз күн болды. Осы уақыт аралығында жаңа әкім кеншілер қаласымен мүмкіндігінше танысып шықты. Өзіндік жоспар да жасады. Әкіммен болған әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

20131025-01-1

– Өткен аптаның соңында Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «А» басқарушылық корпусының мемлекеттік қызметшілерімен кеңес өткізді. Әңгімемізді осы алқалы жиыннан бастасақ.

– Иә, Елбасының өз сөзімен айтар болсам, бұл кездесу шын мәнінде  тарихи кездесу болды. Және кездесудің мұндай форматы тұңғыш рет өткізілді. Кеңесте «А» корпусына өткізілген іріктеу қорытындысы шығарылып, меритократия, ашықтық және қоғамға есептілік қағидаттары бойынша мемлекеттік қызметті одан әрі жаңғырту жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет басшысы аса маңызды стратегиялық міндетті іске асыруда зор жауапкершілік талап етілетінін кеңеске қатысушылардың есіне салып өтті.

Кездесуде Елбасы бүгінде республикамызда отандық мемлекеттік қызметтің алдыңғы қатардағы корпусы құрылғанын атап көрсетті. «Сіздер іріктеудің күрделі кезеңінен өттіңіздер, бір орынға 4 адамнан келген нағыз бәсекелестікке төтеп бердіңіздер. Сіздер заңдарды өте жақсы білетіндеріңізді дәлелдей білдіңіздер. Сіздер сапалы басқарушылық шешімдерді әзірлеп, қабылдай аласыздар, сондай-ақ, олардың тиімді орындалуын ұйымдастыра білесіздер деп үміттенемін», – дей келіп, Нұрсұлтан Назарбаев «А» корпусының құрамына енген барлық мемлекеттік қызметшілерді құттықтады.

Жалпы, өткізілген конкурста аудандар әкімдерінен бастап Әділет министрлігінің қызметкерлеріне дейін заңнаманың барлық тармағын терең білу жөнінде ортақ талап қойылды. Бұл арада Мемлекеттік қызмет істері агенттігі соңына дейін бәрін пысықтады. Көш жүре түзеледі деп санауға болады. Конкурс барысында үміткерлердің арасында тек бір-екі балл ала алмай қалғандары да болды. Бұл қол қусырып отыруға себеп емес. Сөз жоқ, «А» корпусы қатып қалған кадрлық құрылым емес. Ең лайықты деген қызметшілер саяси мемлекеттік қызмет қатарын толықтыратын болады. Ал, олардың нақты кім екенін әуелі уақыт, сосын әрқайсыңыздың талантыңыз анықтайды, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы өз сөзінде кәсібилік, адалдық, бастамашылдық, патри­оттық, халыққа қызмет ету, жо­ғары моральдық және өнегелік қасиеттер «А» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің ең басты қырлары екенін тілге тиек етті.

«А» корпусы ешқандай да элита емес екенін әрқашан есте ұстауға тиіс. Ол халықтың өз арасынан алынды. Барлығыңыз да халықтың қызметшісі екендіктеріңізді ешқа­шан ұмытпаңыздар. Адамдарға нем­құрайлы қарауға болмайды. Олардың проблемаларын біліп, оны шешумен күні-түні айналысу қажет. Адамдарды сендіре білу, әділ әрі ашық сұхбат жүргізу маңызды. Сіздердің биік мақсаттарыңыз бен ұлы парыздарыңыз да осында. Есте ұстаңыздар, сіздер Отанымыз үшін жұмыс істейтін менің командамның бір бөлігісіздер, – деді Мемлекет басшысы кездесуде.

Ақордада өткен алқалы жиыннан біз осылайша үлкен серпін алып қайттық. Қолдау көрдік. Әрине, талаптың да күшті болатынын айқын сезіндік.

– Елбасы өз сөзінде «А» корпусы элита емес, олар халық арасынан алынған» дегенді ашық айтып отыр. Жалпы, осы топты іріктеу бізге не берді?

– Осы сауалды сирек те болса естіп қалып жүрміз. «Бұлай топқа бөлмей-ақ басқару корпусын құруға болар еді ғой» дегенді де айтатындар бар. Бірақ, бір нәрсе ақиқат, «А» корпусын құру арқылы ел басқарып отырған азаматтардың арасында да  ала-құласының бары анықталды. Тіпті, бүгінде күнделікті қолданыста жүретін заңнамаларды білмейтін басшылар да шықты. Бір ғана мысал, ондай жағдайға өзім Ұлытау ауданын басқарып жүргенде куә болдым. Басшылық қызметте жүрген бір азаматтың өз атқарған лауазымына сай емес, білімі бар жоғы орта мектеп деңгейінде ғана екені анықталды. Кейін мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтының керімен республикалық деңгейдегі басшылықтарда жүрген азаматтардың біразының білімі де өз лауазымдарына сәйкес келмейтіндіктері анықталды. Әрине, олар қызметкерлер қатарынан шеттетілді. Бұл заңдылық. Өркениетке қарай қадам жасаған әр ел осылай істері анық. «А» корпусын іріктеудің бір бергені осы. Яғни, қолынан іс келетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар азаматтар өз орындарын тапты.

Екіншіден, жаңа реформа әрбір мемлекеттік қызметкерді, басшылық лауазымдағы азаматтарды еліміздегі қолданыстағы заңнамаларды мейлінше білуге шақырады. Кәсіби заңгерлер сияқты болмаса да олар заң төңірегінде жұмыс істеп, заңды сыйлай білуге, қарамағындағы адамдардан соны талап ете білуге үйретті.

Үшіншіден, мемлекет пен қоғам алдында жаңа міндеттер тұр. Оларды жаңаша, креативтік тұрғыдан, ойластырып, табандылықпен шешу керек. «А» корпусына енген мемлекеттік қызметкерлердің басты миссиясы осы. Бұл бағытта «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері бесаспап мамандар болуға тиіс. Жұмыстың жаңа көлемі мен бағыттарынан қорықпауы керек. Мемлекеттік қызметтегі жұмыстың жаңа дағдысына машықтану үшін бастамашыл болуы қажет. Бұл біздің кәсіби шеберліктерімізге де қатысты мәселе. Мемлекет басшысы біздің алдымызға осындай да міндеттер қойып отыр.

– Елбасының осы міндеттерін жүзеге асыруға белсене кіріскен жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметкерлер корпусы өкілінің бірі өзіңізсіз. Жаңа лауазымға араласқаныңызға да, міне, жүз күн болды. Оң мен солыңызды пайымдап алған шығарсыз. Қандай ойларыңыз бар?

– Менің кеншілер қаласының тізгінін ұстауым оның 40 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Әрине, оны өз деңгейінде атап өттік. Әйтсе де, тойлау бар да келешегіңді ойлау бар ғой. Осы тұрғыдан келгенде иығыма үлкен салмақтың түскенін аңғарып отырмын. Әсіресе, қазіргідей алмағайып тұста ойланарың анық. Кейбір пессимисттер қаланың келешегін аймен, жылмен, тіпті күнмен есептеп отыр. Өзімнің де жүз ойланып, мың толғанып отырғаным жасырын емес.

Бүгінгі күні Сәтбаев қаласында 70 мыңның үстінде халық бар. Оның көпшілігі «Қазақмыс» корпорациясына қарасты өндіріс орындарында жұмыс істейді. Міне, сол өндірістің өзегі тала бастаған тұста халықтың арасында қобалжу туа бастағаны да жасырын емес. Әлгінде, сөзімнің басында айтқан пессимисттер осыны пайдаланып, аймақтың келешегін күнмен, сағатпен есептей бастады. Неге аймақтың деп отырмын? Өйткені, Ұлытау-Жезқазған аймағы – оның ішінде біздің Сәтбаев қаласы мен қарашаңырақ Қарсақбай бар, бір өндіріс, нақтырақ айтқанда бір кеннің түрі арқылы тағдырымыз да, тарихымыз да бірігіп кеткен аймақпыз. Сондықтан, қаланың, оның тұрғындарының тағдырын бізге сеніп тапсырғаннан кейін оның келешегі жайлы ойлануымыз заңды нәрсе.

Қазір, екі адамның басы қосылса айтылатын әңгіме «Қаланың келешегі бар ма?» деген сауал төңірегінде өрбитін болды. Әрине, бар. Бұл әшейін саяси тұрғыдан келіп айтыла салған сөз емес. Шын мәнінде, кеншілер қаласының келешегі әлі зор. Оған мысал, соңғы кездері елді алаңдатқан өндіріс ошақтарының уақытша тоқтауы, оның екінші кезеңінің басталуы. Оған дәлел – іргеміздегі байыту фабрикасының жабылғанымен, оның Жезқазғандағы фабрикаларға қосылып, соның бір цехы ретінде 2014 жылы қайыра іске қосылатындығы. Екіншіден, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің «Жазқазғантүстімет» жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайыра құрылымдалып, қаламыздың аумағындағы кеніштерді біріктіріп, ірілендіре бастауы. Үшіншіден, еліміздің өзге аймақтарында жаңа кеніштер мен кешендердің ашылып, оңтайландырылған кеніштерден қысқарған кеншілердің жұмысқа тартылуы, вахталық жұмыстардың ұйымдастырылуы, аймағымыздағы кен көздерін барлау жұмыстарының қолға алынуының күн тәртібінде тұруы.

Міне, осы істердің бәрі Сәтбаев қаласының келешекте екінші тынысы ашылып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының төмендемеуіне айқын дәлел. Мұны қала басшысы ретінде еш уақытта да назарымыздан шығармақ емеспіз.

Мана, сөзімнің басында кеншілер қаласына 40 жыл болды демедім бе. Осы 40 жыл бойы қала бір ғана өндірістің шеңберінде өмір сүріп келді. «Қазақмыс» басшылары аймақта әлі де 25-30 жылға жететін кен қоры барын айтып отыр. Десек те, оның таусылып, өндірістің тоқтары ақиқат. Сондықтан да қала өміріне жаңа серпін беретін тың жобаларға қадам жасар кез келді. Әсіресе, әлі де отыз жыл өндіріспен елдің тұрмысы түзу тұратын кезеңді пайдаланып, кәсіпкерліктің жаңа түрлерін игеріп, жаңа шаруашылықтар ашуға күш салуымыз керек. Ол шаруашылықтар алған сайын азаятын емес, керісінше биыл алсаң оның орны келер жылы қайыра толығатын шаруашылықтар болғаны жөн. Ондай шаруашылық – ауыл шаруашылығы, бау-бақша шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы.

Қалаға әкім болып келгеннен кейін мен барлық саламен жіті танысып шықтым. Сонда байқағаным, қаланы көкөніспен, азық-түлікпен қамтамасыз ету негізінен сырттан тасымалдау арқылы жүзеге асырылады екен. Өз шаруашылықтарымыздың қаланы қамтамасыз етуі 0,2-0,5 процент көлемінде ғана. Іргемізде Ұлытау, Жаңаарқа сияқты негізінен ауыл шаруашылығына бейімделген аудандар тұрса да өнімнің, оның ішінде көкөніс түрлерінің басым көбі оңтүстік аймақтар мен Қарағанды қаласының аумағынан тасылатыны белгілі болды.

Осының бәрін саралай келіп, мен қалада ауыл шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлу керектігі жөнінде тапсырма бердім. Ал, оған мүмкіндік жетеді. Қаламызға қоңсылас жатқан Ұлытау ауданында ауыл шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға жер алуға мүмкіндік мол. Оларға Үкімет тарапынан да үлкен қолдау көрсетілуде. Жалпы, бұл бағытта түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Тек, ынтасы бар адамдарды ғана күтіп отыр.

Тіпті, алысқа бармай-ақ, қаланың іргесінде, Кеңгір су қоймасының қала жақ беткейі мен бұрынғы «Жартас» каръерінің аумағы бақша егемін деген адамдарға таптырмас орын. Екі мың гектардан аса бақша егуге қолайлы жер де, су көзі де бар. Осы істі қолға алатын адам болса өнімін өткізу үшін алысқа шабылудың қажеті жоқ. Қаланың өзі олардың өнімін пышақ үстінде бөліп алар еді. Сонда базарлардағы бағаға қосылатын жол мен тасымал құны өзінен-өзі түскен болар еді. Қазір қалада осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тек, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнес емес, қаламызда ірі индустриалық-инновациялық жобалар да бар. Әкім ретінде олардың да өз деңгейінде шешімін табуына ықпал етуге тырысудамын.

– Өзіңіз айтқандай, бір өндіріспен ғана «тағдырлас» қалалардың келешегі үшін мемлекет «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасын жасады ғой. Осы бағдарлама қаламызда қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Аталмыш бағдарламаның аясында қаламызда бірқатар ауқымды шаралар атқарылыпты. Аулалар жөнделіп, жолдар қалпына келтірілген. Көшелер мен аулалар жарықтандырылған. Осы жұмыстар келешекте де жүзеге асырыла беретін болады. Шағын қала ретінде кеншілер қаласын дамытуға алдағы жылдары да қажетті сомада қаржы бөлінетін болады.

Десек те, шешімін күтіп тұрған істер жеткілікті. 40 жылдық тарихы бар қаланың коммуналдық шаруашылығы да жаңғыртуды қажет ететіні анық. Әсіресе, жылу, су, кәріз желілерінің тозығы жетіп тұрғаны жасырын емес. Тіпті, осы күнге дейін орталық кәріз желісінсіз отырған орамдар да бар. Жыл сайын жылу, су құбырларын бөліп-бөліп  жаңарту шаралары жасалынуда. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Себебі, қаладағы аталған желілердің жетпіс пайыздан астамы күрделі жөндеуді қажет етеді. Осының қаржысын жобалап есептегеннің өзінде қырық миллиардқа жетіп жығылуда. Бұл қаланың он жылдық бюджетіне тең. Сондықтан да облыстық, республикалық бюджеттерге сұраныспен шығудамыз.

Одан кейінгі мәселе – тұрғын үйдің жайы. Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің жартысына жуығы өзінің пайдалану мерзімін әлдеқашан өтеген, ағаш қалдайлы құрастырылмалы үйлер. Олар кеншілер поселкесі салына бастағанда тұрғызылған еді. Кешегі жылдары «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясында осы үйлердің біразына жөндеу жұмыстары да жүргізілді. Сырттары қыш кірпішпен қапталып , есік, терезелері, жылу желілері, шатыры ауыстырылды. Әрине, мұның бәрі біріншіден тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін, екіншіден қуат көздерінің шығынын болдырмай, үнемдеу үшін жасалған шаралар екені даусыз. Бірақ, қай нәрсенің болмасын ішкі өзегі тозған соң, сыртын жылтыратқанмен ештеңе өнбейді. Бәрібір, ол құлап тынады.   Сондықтан, қыруар қаржыны босқа шашпай, оны тиімді пайдаланған жөн. Мен қалаға келген күннен бастап осы ағаш үйлерді қаптауды тоқтатуға тапсырма бердім. Оған кететін қаржыға жөндеуді қажет ететін басқа көпқабатты үйлерді жылу шықпайтын, жарық әрі сәулетті етіп жөндеуге бөлген жөн екеніне ешкім дауласа қоймас. Ал, тозығы жеткен ағаш үйлерді егжей-тегжейлі зерттеп, қажет болған жағдайда оларды апатты деп тану үшін жұмыс жасайтын арнайы жұмысшы тобы менің өкіміммен құрылды. Оның нәтижесі   бойынша 2014 жылы он бес ағаш үйді апатты деп танып, құжаттарын әзірлеуге жұмыс жасау қолға алынды. Егер құзырлы орындардың алдында өз ойымызды қорғап шығатын болсақ, осы үйлерді бұзып, орнына жаңа көпқабатты үйлер салуды қолға алмақпыз. Жалпы, қаладағы барлық ағаш үйлердің орнына заманауи көпқабатты тұрғын үйлер салу ойда бар. Осы үшін кеншілер қаласынан тұрғын үй құрылысы кешенін ашуды да жоспарлаудамыз. Бұл, біріншіден, тұрғындарды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етсе, екіншіден, жылу мен электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жалпы, біздің міндетіміз – халыққа қызмет ету. Осы тұрғыдан келгенде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіру бағытында ойға алған жоспарларым аз емес. Алла сәтін салса, олардың бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деген ойдамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерді түсірген М.Смағұл.

Комментарии закрыты.