Республикалық акцияны қолдады

Жол ережесін білуге, оны дұрыс сақтауға ұмытылу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Тиісті заңдылықтарды орындамаудың зардабынан қаншама қайғылы оқиғалар болып жатады. Осылардың алдын алу барысында барлық аймақта республикалық «Абайлаңыз, балалар!» акциясы өтуде.

Біздің №5 орта мектебімізде акция аясында «Жол тәртібін сақтаймыз!» атты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның мақсаты – жолда жүру ережелерінің сақталуын қадағалау, жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау және жол қозғалысы қатысушыларының арасында тәртіпті күшейту. «Жол тәртібін сақтаушылар» атты іс-шара жас инспекторлар жасағының жетекшісі Әсел Сәдуақасованың жетекшілігімен өтті. Оған Сәтбаев қалалық  жол патрульдік қызметкері, полиция аға лейтенанты Самат Ақшалов, мектеп инспекторы, полиция лейтенанты Нұрбек Калиев және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Биғайша Жүкенова қатысты. Мектебіміздегі жас инспекторлар жасақтарының  жұмысы слайд арқылы таныстырылып, «Бағдаршам – біздің досымыз» атты сахналық көрініске жалғасты. Бұл көріністе оқушылар бағдаршам өмірімізді жазымнан сақтандыратын  көмекшіміз екенін және оның тілін алу баршамызға керек екенін насихаттады. Жолдағы қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін ұқыпты, сергек болып, жолда жүру ережелерін білу және орындау қажет екені түсіндірілді. Оқушылар «жол ережелері», «жол белгілері» туралы тақпақтар, өлеңдер айтты. Іс-шара «көшеде сақ болайық,  жол ережесін сақтап жүру бәріміздің міндетіміз» деген ұранмен аяқталды.

Р.Есімсейтова, бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.