Өз ісіне берілген азамат

20131101-08-1Рудник кентінде 1944 жылы дүниеге келген Жайық Мұңсызбаевтың  есейіп, ес білгенде осы аумақта бой көтерген шахталардың қуат көзімен қамтылуына мен де өз үлесімді қоссам дейтін  балалық қиялы болатын. Сол балалық тілегі оны  мектепті бітірісімен Алматыға жетеледі. 1961 жылы Алматыдағы қазақ политехникалық институтындағы энергетика факультетінің өнеркәсіпті электрмен жабдықтау мамандығына түскен күннен басталған Жайық Рамазанұлының еңбек өтілі 52 жыл.  Институтқа түскен жылы өндірістік тәжірибеде жүріп мамандығының қыр-сырын меңгереді. Кітапшаға түскен сол жазу көмескі тартқанмен, Жақаңның өз мамандығына деген сүйіспеншілігі суыған емес. Өзі айтқандай, «қайта жыл санап, арта түсуде».

1967 жылы институтты үздік бітірісімен жас жігіт бірден өндірісті аймақ Жезқазғанға жол тартады.  Қаныш Сәтбаев іргесін қалаған үлкен Жезқазғанның, кеншілердің ордасы Никольский кентінің бүгінгі Сәтбаевтай шаһарға айналуына қосқан оның  үлесі қомақты.

– Өндірістік аймақты қуат көзімен қамтамасыз етуде 1969 жылы «Жезқазған кен байыту» комбинатының құ­ра­мында құрылған электр желілері кәсіпорнының ма­ңы­зы айрықша.  Мекеме құ­ры­лған күннен бастап осы ұжымның қалыптасу кезеңін, даму сатыларын өз басымнан өткердім. Мекеменің алғашқы басшылығында Ефим Штейнберг болды.  Өз ісіне берілген жан болатын. Энергетика сала­сының өңірімізде дамуына бірден-бір үлес қосқандардың қа­тарында осы Е.Штейнберг те бар.

Заман жаңа  жүйеге  ауыс­қан тұста мекеме «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік-сервистік кешеніне қосылды. Бұл 2010 жыл болатын. Ал, 2012 жылы жанар-жағармай және энергетика кешенінің құрамына енгізілді.  Мекемеде қазіргі таңда 328 адам еңбек етеді. Электр желілері кәсіпорнының құрамына қалалық «Горэлектросеть» мекемесі қарайды. Энер­гетиктердің жұмысы өте жауапты. Әлеуметтік нысандар мен өндірістің еш кедергісіз жұмыс жасауында осы саладағы мамандардың жауапкершілігі басты талап болып есептеледі. Біздің мекеме тек энергияны тасымалдаушы. Ал, оны Екібастұздан сатып алып,  қамтамасыз ететін  «Жезказганэнергосбыт» ЖШС мекемесі.

Қазір ұжымды Кеңгірбек Аманов басқарады. Өз саласының майын ішкен маман. Басқару жүйесінде өзіндік іс-тәжірибесі мол басшы.  Аға буын, мына біздер, ендігі үмітімізді жастардан күтеміз. Алайда, техникалық мамандыққа, әсіресе, энергетика саласына келіп жатқан жастар аз. Азының өзі  жасыратыны жоқ, таңдап келген мамандығының қыр-сырын меңгере де алмай жатады. Біз оларды өндірістік тәжірибеден емтихан қабылдау арқылы жұмысқа аламыз. Бұл мәселе аға буынды қатты ойландырады. Ізімізді жалғап, ісімізді іліп кететін жастар өте аз. Өзіммен қатар үзеңгі қағыстырып еңбек етіп келе жатқан алғы буындағы мамандардан Василий Нейфельт, Евгений Фатеев, Елена Теменеева, Татьяна Коновалованың  бұл кәсіпорын үшін орны ерекше, – дейді өз ісінің озық тәжірибелі майталманы.

Жайық аға кәсіпорындағы тәжірибелі маман, осы салаға келген жастардың томағасын сыпырып, оларды мамандығының қыр-сырына баулыды. Сол үшін де тәлімгер ұстаз атанды.

Жақаң  2003 жылы кенді қаланың саяси-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін  қаланың Құрметті азаматы атағын иеленсе,  2010 жылы «Қазақстанның  еңбек сіңірген энергетигі» төсбелгісімен мара­патталды.  2011  жылы оның есімі халықаралық энциклопедияға үздік маман ретінде жазылды.

Жайық Рамазанұлының құ­дай қосқан жары Зоя Мол­дағалиева Шығыс Жезқазған кенішінде экономикалық жос­парлау бөлімінде экономист, бөлім басшысы болып еңбек еткен. Зоя  Бірәліқызы мен Жақаң бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған немерелердің қызығын алданыш етуде. Үлкен қыздары Ардақ Германияда түтін түтетсе, ортаншылары Абай Алматыда экономист мамандығы бойынша игерген білімін сол салаға арнап жүр.  Шаңырақтағы Абзалы Батыс Жезқазған кенішінде кен шебері болып еңбек етеді.

Келер жылы өмір дейтін толқынды дарияның  жетпісінші көктемін қарсы алғалы отырған Жайық ағамыз өз ісіне  берілген  азамат. Олай дейтініміз, өз ісінен қуат алып, бар күшін, білімін, жігерін бір салаға арнау барлық жанның қолынан келе бермейді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.