Мини футболдан турнир аяқталды

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аймағымызда түрлі жарыстар мен біріншіліктер жүйелі, мақсатты түрде өтіп келеді. Мұндай бұқаралық сипаттағы шаралардан аймағымыздағы іргелі өндіріс ошағы мен оның құрылымдары да қалыс қалып отырған жоқ Бұған кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдары, «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымы және Жастар одағы ұйытқы болуда.

20131101-20-1-2

Аптаның басында қаламыздағы спорттық-сауықтыру кешенінің футбол алаңында «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалы жасақтарының арасында мини футболдан турнир аяқталды. Оған Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан 12 команда қатысты.

– Спорттың бұқаралығын арттыру мақсатында «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалы ауқымды шаралар өткізіп келеді. Бұл жолы корпорацияның кәсіпорындары мен кеніштерін күзететін «Қорғау қызметі» жасақтарының арасында мини футолдан біріншілік өткізді. Ол қазан айының оны күні басталған болатын. Турнирге Жезқазған өндіріс аймағынан 6 команда, Сәтбаев өндіріс аймағынан 6 команда қатысты. Екі аптаға созылған тартысты жарыста мықтылардың мықтысы топ жарып шығып, бүгінгі ақтық сайыста күш сынасып жатыр, – дейді «Корғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанна Ерғалиева.

Төрайым тілге тиек еткендей, екі апта бойы кеншілер қаласындағы спорттық-сауықтыру кешенінде намыстарын жаныған жігіттер бақ сынасып бақты. Турнир барысында күшті құраммен барған командалардың бағы жанды. Солардың төртеуі ақтық сайысқа шықты. Олардың қатарынды №5 команданың футболшылары өздерімен күш сынасқан екі команданың да сағын сындырып, бірінші жүлделі орынды басымдықпен жеңіп алды. Екінші орын №11 команданың футболшыларының еншісіне тиді. Ал үшінші орынды №3 команданың ойыншылары місе тұтты. Жеңімпаздар арнайы кубокпен және «Нұр Отан» партиясы мен Жас Одағы тағайындаған сыйлықтармен марапатталды.

Турнир қорытындысы бойынша өз командаларының намысын қорғап, шебер ойын көрсеткен жекелеген футболшылар да марапаттан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, №5 команданың қақпашысы Абрар Досметов «Үздік қақпашы», №7 команданың ойыншысы Нұрсұлтан Жүніс «Үздік қорғаушы», №3 команданың ойыншысы Серікболсын Батталов «Үздік шабуылшы», №11 команданың футболшысы «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.