Қуатты армия – қуатты Қазақстан

20131101-02-1-220131101-02-1-1Қазіргі таңда Сәтбаев қаласының қорғаныс істер жөніндегі бөлімде азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы жүргізілуде. Әскерге шақыру Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 ақпандағы Жарлығымен жүзеге асырылады.

Осыған байланысты өткен аптада қала әкімі Әнуар Омар қорғаныс істер жөніндегі бөлімде болып, дәрігерлік комиссияның жұмысымен танысты.

Азаматтарды әскери қызметке шақыру – Қазақстан Республикасының Қарулы Күш­терін, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды міндетті негізде құраммен жасақтауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені. Ол запастағы офицерлер мен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды, әскери жиындарға шақыруды, жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақыруды қамтиды.

Әскерге шақыры­лушы­лар­ды және әскери оқу орындарына түсетін азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу үшін шақыру комиссияларының құрамында медициналық комиссия құрылады. Медициналық комиссия әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына түсетін азаматтарды медициналық куә­ландырудың нәтижелері бойынша олардың әскери қызметке жарамдылық деңгейі туралы қорытынды береді.

– Биылғы жылы күзде әскери қызметке 1986-1995 жылы туғандар шақырылуда. Сәтбаев қаласы әкімдігінің қаулысына сай, жоғары білікті дәрігер мамандар мен орта буын медицина қызметкерлерінен тұратын дәрігерлік комиссия құрылып, қазан айынан бастап жұмыстарын атқаруда. Шақыру комиссиясы мен медициналық құрам ер азаматтардың денсаулығына, жалпы білім деңгейіне, психологиялық қабілетіне, арнайы дайындығы мен отбасылық жағдайына баса назар аударуда. Жоспар бойынша біздің алдымызда осы күзде 1600 азаматты әскер қатарына аттандыру міндеті тұр. Бүгінгі күні 586 адам комиссияның тексеруінен өтіп, облыстық дәрігерлік комиссияға жолданды. Бұл жұмыс желтоқсан айының 25-не дейін жалғасады, – дейді қорғаныс істер жөніндегі бөлімнің басшысы Руслан Шакерханов.

Аралау барысында қала әкімі әскери комиссариаттың қызметімен, дәрігерлік тексеру сараптамалық комиссиясының жұмысымен, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Жастардың денсаулығына алаңдаушылық білдірген Әнуар Серікбайұлы дәрігерлерден олардың әскерге жарамай қалуына көбінесе қандай аурулар себеп болатынын сұрастырып білді. Мамандардың айтуынша, азаматтардың басым бөлігі майтабан және тері ауруларына шалдыққан. Осы орайда, қала басшысы әскерге шақыру кезіндегі атқарылған жұмыстың сапасы неғұрлым жоғары болса, Қазақстан әскерінің жауынгерлік дайындығының деңгейі соғұрлым арта түсетіндігін атап өтті. Сондықтан бұл мәселелер қала басшылығының басты назарында болып, әрі қарай қадағалана береді.

Марал Шахаева.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.