Қаламмен көмкерілген қырық жыл

Газетімізде бұдан бұрын да жазылғанындай, өткен аптаның соңында Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газеті өзінің 40 жылдық торқалы тойын атап өтті. Мыс шаһардың музыкалы драма театрында өткен осынау айшықты шараға аймағымыздың барлық БАҚ өкілдері мен «Сарыарқаның» ардагерлері және осы басылымның шекпенінен шығып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген қаламгер-әріптестер жиналды.

20131101-10-1-1

Бұқаралық ақпарат құралдары әрқашан өз дәуірінің ақиқаты айтылатын мінбері болған. Онда сол уақыттың өзекті мәселелері, оны шешудің жолдары, қоғам дамуындағы ілкімді оқиғалар мен олардың игі ықпалдары, жетістіктері мен табыстары, қажет жағдайда қолбайлау кемшіліктер мен өмірдің көлеңкелі тұстары да ашық айтылып отырған. Баспасөз өркениетті қоғамның – жаршысы, дертті қоғамның емшісі бола білген. Баспасөздің ұшқырлығы мен уыттылығынан сескенген орта онымен санасып отырған. Өйткені, баспасөз қоғамдық дамудың тегершігі бола білді.

20131101-10-1-21973 жылы шаңырағын көтерген облыстық «Жезқазған туы» газеті, оның мұрагері саналатын аймақтық «Сарыарқа» газеті ақпарат кеңістігінде өз орнын белгілей алған басылымдардың бірі. Биыл осы газеттің жарық көргеніне 40 жыл толып отыр. Айтулы оқиғаны атап өтудің бұл шарасы Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Торқалы той «Қазіргі ақпараттық кеңістік және аймақтық «Сарыарқа» газетінің тарихы, бүгіні және болашағы» деген тақырыпта өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды.

Конференция жұмысына қанаттас жатқан қос қала – Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының әкімдері Серік Шайдаров пен Әнуар Омар, аймақтық БАҚ өкілдері, газеттің ардагерлері мен еліміздің әр аймағынан қаламгерлер қатысты.

Конференцияны Жезқазған қаласының әкімі Серік Шайдаров ашты.

20131101-10-1-3– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында «2050 жылы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс» деп айта келе, осы жауапты міндетті жүзеге асырудың тетігі зиялы қауымның қолында екеніне айрықша тоқталды. Ендеше, осынау маңызды мәселені шешу ісінен журналистер қауымы да тыс қалып жатқан жоқ. Міндеттері еселене түсті. Аймақтық «Сарыарқа» газеті осы жалпыұлттық бастаманы қолдаудың бел ортасында жүр, – дей келіп, қала басшысы аймақтық басылымның кешегісі мен бүгінгісінен орамды ойлар қозғады.

Серік Жаманқұлұлы, сондай-ақ, аймақтық газетке әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан және көрсетілетін қамқорлықтарды да саралап өтті. Сөз соңында газет қызметкерлерін мерейтоймен құттықтаған әкім ұжымға компьютер сыйға тартты.

Әкімнің сый-сияпатынан 40 жылдық тарихы бар газеттің қалыптасып, дамуына еңбектерін сіңірген, шығармашылық жетістіктерімен ел құрметіне бөленген ардагер журналистер де қалыс қалған жоқ. Олардың әрқайсына ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

– Мен өзімнің еңбек жолымның осы «Сарыарқа» газетінде басталып, өнер сахнасына да, саясат сахнасына да осы «Сарыарқадан» старт алғанымды әркез мақтанышпен айтып отырамын. «Сарыарқаның» орны мен үшін бөлек. Газеттің қаламмен көмкерілген қырық жылдық тарихында менің де қаламымның сиясы жатыр. 40 жылдық той құтты болсын, – деді келесі болып сөз алған Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар.

Әнуар Серікбайұлы өзі еңбек еткен жылдардағы «Сарыарқа» газетінің қиындықтарды қалай еңсергенін, сол жолда жаңа қоғамдық жүйеге бейімделген журналистердің қалыптасып, өсіп шыққанын әңгімеге өзек етті. Сөз соңында Әнуар Омар «Сарыарқа» газетінде бүгінгі таңда еңбек етіп жатқан ұжымның әр мүшесін ақшалай сыйлықпен марапаттады.

Салтанатта, сондай-ақ, «Сарыарқа» газетінде ұзақ жыл еңбек еткен, бүгінде Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ибрагим Бекмаханов, «Сарыарқаның» серіктесі саналатын аймақтық «Мысты өңір» газетінің редакторы, «Сарыарқа» газетінің алғашқы редакторларының бірі Амандық Рахұлы сөз сөйлеп, әріптестерін торқалы тойларымен құттықтады.

20131101-10-1-4

Осынау салтанатты рәсімнен соң конференция өз жұмысын бастады. Онда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аймақтық «Сарыарқа» газетінің редакторы Төлеш Асантегі «Кенді аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының даму жолы және аймақтық «Сарыарқа» газетінің тарихи орны» деген тақырыпта, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Республикалық «Қазақ газеттері» АҚ Қарағанды облысының өкілі Батырбек Мырзабеков «Жезқазған қаласының тарихы және аймақтық «Сарыарқа» газеті көтерген өзекті мәселелер» деген тақырыпта, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Жезқазған туы»-«Сарыарқа» газеттерінің 1973-1997 жылдар аралығындағы қызметкері Балтабек Әбеуов «Жезқазған туы»-«Сарыарқа» газеттерінің қалыптасу, даму жолындағы жеке тұлғалардың рөлі мен тағылымы» деген тақырыпта, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Көбейсін Еңсебаев «Сарыарқа» газетінде қамтылған газет жанрлары» деген тақырыптарда баяндама жасады.

Конференциядан соң меймандар «Керуен» дәмханасында мерекелік дастарханда бас қосты.

Мерейтой С.Сейфуллин атын­дағы кітапханада өткен жыр кешімен түйінделді.

Ізтай Белгібайұлы.

Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.