Асыл дінмен астасқан дәстүрімізді дәріптеді

Қалалық әкімдіктің, жастар бастамашылдығы орталығының, Жезқазған қаласы жастар одағы» ҚБ-ның ұйымдастыруымен қазан айының 25 мен қараша айының 4 аралығында «Дініңді сақта, салтыңды сатпа, сенімді ақта» атты діни экстремизмнің алдын алу мақсатында онкүндік өтті. Осы онкүндіктің аясында білім ошақтарында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.  Осындай маңызды да мәні зор шараның бірі – №27 қазақ орта мектептің қабырғасында болды.

Бұл шарада қазақ халқының асыл дінімен астасып жатқан діни ұстанымын және салт-дәстүрін жастар арасында насихаттайтын композициялық қойылымдар ұсынылды.

Байқауда қазылар алқасы мектеп оқушыларының күшімен қойылған қойылымдардың композициялық құрылымына, тақырыпқа сай, ұлттық дәстүрді дәріптеуі мен қоғамдағы өзекті мәселеге айналған діни экстремизмнің алдын алуды насихаттауына ерекше мән берді.

Байқауда ерекше көзге түскен №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушылары ІІІ орынды, №7 орта мектептің шәкірттері ІІ орынды қанжығаға байлады. Ал, жүлделі І орынның мінберіне қоғамдағы ащы шындық – өзге ағымның құрбаны  болып, Сирияға кетіп жатқан қазақ жастарының болашағын бейнелеген қойылымымен №5 орта мектептің ұжымы көтерілді.

Байқауға арнайы қатысқан филолог-дінтанушы, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Рүстем Сыздықов ұрпаққа берері мол іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жеңімпаздарды марапаттады.

Байқау барысында  оқу орындарында безендірілген ақпараттық бұрыштың да үздіктері марапатталды. Бұл байқау бойынша №27 қазақ орта мектебі ІІІ орынды, №25 орта мектеп ІІ орынды иеленді. Ал, үздік безендірілген бұрыш ретінде №3 орта мектеп І орынды жеңім алды.

Қос байқаудың жеңімпаздарына диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

«Дініңді сақта, салтыңды сатпа, сенімді ақта» атты діни экстремизмнің алдын алу мақсатында өткен онкүндіктің аясында индустриалдық колледждің студенттері «Діни экстремизм мен терроризмге жол жоқ» акциясын ұйымдастырды.

Акция аясында колледждің жалынды жастары Қ.И.Сәтбаев атындағы даңғыл бойымен жүріп өтіп,  діни экстремизм мен терроризмге жол жоқтығын ұрандатып, татулықта, бірлікте болуға шақырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.