Әке жайлы ой-толғау

«Әке – асқар тау, ана – жағадағы бұлақ» — деген халық даналығы тегін айтылмаса керек. Әкем жайлы ойға батсам, есіме сан алуан оқиғалар, кешегі үлкендердің айтқан әңгімелері түседі. Сондай бір айтылған әңгімелерді оқырман қауымға ұсынсам деген оймен қолыма қалам алдым.

Менің әкем Жауғаш – Ыбырахымның ағасы. Бұл кісілер үш ағайынды екен. Айбас, Жауғаш, Ыбырахым. Шежіре деректерге сүйенсек, Бағаналының Байназар руынан шыққан атақты Бекұлы биден Баймолда, Қаймолда есімді екі ұл туады. Екеуі де қатарынан оқуы озық, ойы жүйрік, тілі шешен болып аттары ел ішіне ерте тарайды. Дала дәстүрімен салдық, серілік құрып, құс салып, жүйрік жаратып, сөз салыстырып айтысқа да түседі.

Дәулеті асқан Бекұлы екі ұлы Баймолда мен Қаймолданы арабша, парсыша, шағатайша оқытып, дін жолына түсуіне ықпал етеді. Арнайы бала оқытатын адам ұстайды. Құран кәрімді екі ұлы да жатқа айтатын дәрежеге жетеді. Мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа Баймолда мен Қаймолда бірге аттанады. Пайғамбар басына мінажат етіп, Мекке-Мәдинаны көзбен көру бақытына ие болады. Қаймолда парызын өтеп болып, елге қайтарда ауырмай жан тәсілім етеді. Баймолда бауырын сол жаққа арулап қойып, елге қайтады.

Халық құрметтеп қажы атанған Баймолда балаларына тәлім-тәрбиені дін жолын насихаттаудан бастап үйретеді. Балалары да зерек, сөзге шешен болып ер жетеді. Әсіресе Жауғаш пен Ыбырахым өте алғырлығымен көзге түседі. Әкесі екеуін кейде сөз сайыстырып, ортақ ой тастап, тақырып талдатады.Құран сабағынан сынақтан бірге өтіп отырады. Ағалы-інілі екеуі судың тамшысындай өте ұқсас болады. Жиын тойдың көркі – екеуі. Ауыл арасындағы жиын-тойда екеуі қатар тұрып той бастап, жыр төгеді екен. Ағайынды екі сал атанып Ұлытау мен Есілдің қос қанатына ат шалдырып, салдық құрады. Осындай бір сапарында Есілдің бойындағы Қыпшақ Майкөт байдың қызы Нағима сұлудың ауылында ақын қызбен айтысқа түседі. Домбыраны күмбірлете тартатын Нағима ең алдымен күйшілігімен көзге түскен. Күй төгіп, әбден шабытталған шақта:

Кәнекей, жігіт бар ма айтысатын,

Жеткенше шамы-шарқы тартысатын?- деп жыр төгіп қатар отырған Ыбырахым мен Жауғашқа сөз тастайды. Іздегенге сұраған дегендей Жауғаш оны іле кетеді де:

Алдымен қақтың алып домбыраңды,

Лебзің құлақ құрышын қалдырады.

Күйің мен дауысыңды естігендер

Арасын ауылыңның шаң қылады, — деп жалғастырады. Нағима қыз отырған орнынан қозғалмай сол бір қалыпты қалпында сөзбе-сөз жауаптасады. Нағиманың жас кезінде ұршығы шығып, ол есейе келе бір аяғын сылтып басуына себеп болғанын естіп білген Ыбырахым:

Отырған орныңнан бір қозғалмайсың,

Көсілсең аяқты тең созғандайсың.

Сөздерің кінәрат жок тең басып тұр,

Жарыссаң кімнен болсын озғандайсың, — дегенде Нағима қыз:

Тереңге сүңгігенді «сүйрік» дейді,

Бәйгеден озып келген жүйрік дейді.

Сал жігіт, домбыраңды ағаңа бер,

Ағаның ісіне іні килікпейді, — деп салады. Сөздің байыбын аңғарған Ыбырахым сол жерде:

Аранға ұрынбайын егесем деп,

Биікпен таласпайын теңесем деп.

Сөзіңмен аңғарғаным, ұққаным сол,

Айтайын енді сені «жеңешем» деп, — дейді.

Сөйтіп сөздері жарасқан Жауғаш пен Майкөт байдың қызы Нағиманы айттырады. Жауғаштан Жағыпар, Сара және мен Мәнуар туамын. Бүгінде тоқсанды алқымдадым. Ақындық маған қонбағанмен ана сүті арқылы балам Батырбекке дарыпты. Аталарының рухы қолдап, бүгінде ел таныған азамат болып отыр. Аллаға шүкіршілік. Тұқымда бардың, тектіліктің ізін суытпай жүрген жалғызымды әруақтар желеп-жебеп жүрсін деймін.

Мәнуар Жауғашқызы, Ұлытау ауылының тұрғыны.

Комментарии закрыты.