Маңызды нысандарда болды

Өткен бейсенбі күні  қала басшысы Әнуар Омар бір топ мекеме басшыларымен бірге әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Бұл жолы Әнуар Серікбайұлы қала халқын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған су станцияларында, атап айтқанда,  екінші және үшінші көтерілімнің жай күйін көріп, «Ахтямов» ЖШС құс фабрикасы мен өндірістік аймақтағы және  №1 орталық емхананың аймағында орналасқан көкөніс сақтау қоймаларында болды.

Әуелі су беру станциясының үшінші көтеріліміне атбасын тіреген қала әкіміне мұндағы жағдайды жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының өкілі Бақытжан Баржақсынов баяндады.

–   Бұл станцияға су «Есқұла» су қоймасынан келеді. Бұл жерде 10 мың текше метр су сақтау қоймасы бар. Қоймаға келіп түскен су хлорланып, тазаланып сәтбаевтықтардың игілігіне беріледі. Станцияда сегіз сорғы (насос) орнатылған. Барлығы өз қуатында жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта «Есқұла» жер асты суының көлемі қала халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету мүмкіншілігін өтеп  беріп отыр.  Жаз мезгілінде маусымдық кезеңде мұндағы судың қысымы азайғанда «Кеңгір» су қоймасының суы қосылады,  – дейді Б.Баржақсынов.

Станциядағы 8 сорғы мен хлорлау бөлімшесінде болған әкім  Ә.Омар мұндағы жұмыстың жүйелі жүргізілетінен куә болды.

Жезқазған кенті тұрғындары мен осында орналасқан өндіріс ошақтарының  ауызсуға деген сұранысын өтеп отырған  екінші көтерілімнің су сору станциясында 6 сорғы, 32 мың текше метр су сақтауға арналған қоймасы бар.  Бұл станция «Кеңгір» су қоймасынан келетін суды кентке жеткізіп отыр.

Аралап көрген станциялардың екеуінің де жұмысы  бір жүйеге қойылған. Бұл  салада  айтарлықтай мәселелердің  ұшы шығып тұрған жоқ тек маусымдық кезеңдерде тапшылық сезілетіні болмаса. Үшінші көтеріліміге  келетін «Есқұла» жер асты суының кермектілігі 6 немесе 6,2 пайыздан аспайды. Алайда, қала жұртшылығы жаз мезгілінде бау-бақша суаратындықтан судың қысымы азаяды. Сол сәттерде «Есқұладан» келетін суға «Кеңгір» суы қосылады. Сол кезде судың кермектілігі 6 пайыздан 11 пайызға дейін көтеріледі. Бұл мәселе қазір өткір тұр. Алдағы уақытта сәтбаевтықтарды 100 пайыз  «Есқұланың» суымен қамтамасыз етуді де жоспарлап отырмыз.  Ол үшін қаланың кейбір аумақтарында ұңғыма қазып, сол арқылы  жер асты суларын бай-бақша өнімдерін,  көше талдарын суаруға жұмсалса деген бір жобаны көздеп отырмыз.  Қазір жұртшылықтың бәрі біледі әлем таза ауызсуға тапшылықты сезініп отыр.  Ғаламдық мәселеге айналған су тапшылығын Елбасы Н.Ә.Назарбаев та өз Жолдауында түйіткілді мәселе ретінде атап өтті. Біздің негізгі мақсат – жер асты суларын тиімді әрі үнемді пайдалану. Бұл станциялардағы су қоймаларын сыртқы ластанудан сақтау үшін «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп 44 миллионға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның жөндеу жұмысын «Алмас Сервис» ЖШС-ның жұмыскерлері кестеге сай атқаруда. Нанотехнологиялық талапқа сай екі станциядағы су сақтау қоймасы  толық жаңғыртылады, –  дейді қала әкімі Әнуар Омар.

Қос станцияның халық игілігі жолында атқарып отырған жұмысына оң бағасын берген қала басшысының келесі нысаны «Ахтямов» ЖШС-ның құс фабрикасы болды. Қаладағы орта және шағын кәсіпкерлікті дамытудың ілкімді жобаларының бірі ретінде 2012 жылы іске кіріскен бұл фабриканың тыныс-тіршілігімен ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Амантай Әбілқасымов таныстырды. Фабрика былтырғы жылы өндірістік қуатқа толық енген. Мұнда 25 мың тауық өсіріліп, күніне 17 мың жұмыртқа өнімі алынады. Қала халқын жұмыртқамен қамтамасыз етуде 70 пайыздық көрсеткішке ие фабрика алдағы уақытта өз қуатын арттыруды көздейді.

Қалаға сырттан келген азық-түлік өнімдерін сақтау үшін арнайы салынған №1 орталық емхананың аумағындағы 60 тонналық көкөніс қоймасы мен өндірістік аймақтағы жеке кәсіпкердің иелігіндегі 2000 тонналық қойманың да жай-күйін көрген қала басшысы мұнда сақталатын өнімдердің сапасына аса мән беруді қадап айтты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.